Онлайн-режимде жүргізілген селекторлық мәжілісте Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхамбетов сөз сұрап, аймақтағы тіршілік көзіне қатысты өзекті деген бірнеше мәселені Үкімет басшысының алдына жайып салды. Дұрысы, жауапты ведомство басшыларына тиісті тапсырма беруін өтінді десек те боларлықтай. Себебі, облыстағы кейбір су қоймаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекет қарамағына өткізу - бұл күнде мұңға айналды. Тиісті сараптамадан өткізіп, құжат әзірлеп қабылдап алуы тиіс ведомствоға келсек, олар ары-бері жүгіртіп әлекке салатын көрінеді. Сол секілді әкім кейбір ауыз су мәселесіне қатысты бағдарламаларды толық орындауда жөн жосықсыз талаптар мен орынсыз ескертпелерден ілгері жүру мүмкін болмай отырғандығын тілге тиек етті.
"Бұл мәселені Су шаруашылығы комитетін өз қарамағына алған Нұрлан Жамбылұлы жауап берсін" деді Үкімет басшысы.
Өз кезегінде мұндай жайтты түсіністікпен қабылдағанымен, заңдық талап-ережелерді аттап өте алмайтындығын алға тартқан Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі Н. Қаппаров бар жауапкершілікті мойнымен көтеруден бас тартты. Орынсыз қағазбастылық пен бюрократиялық қағидаттардан Өңірлік даму министрлігі де шет қалмауы тиіс екендігін меңзеген Үкімет басшысы Болат Жәмішевке атқарушы органдарды орынсыз анда-мұнда сілтеп, «допша домалатуды» доғару үшін он күн мерзім беретіндігін қатаң ескертті.
Сонымен қатар, заңдық тұрғыдан бұл мәселенің қаншалықты орынды әрі орынсыз екендігін нақтылап, қисыны келсе жедел шешімін табуы үшін Әділет министрі Берік Имашевқа да бірқатар міндеттер жүктеді.
- Берік Мәжитұлы, халықты ауыз сумен қамту мәселесінің түйінін тарқатуға сіз де белсенді қатысыңыз! Барлық жауапты ведомстволар бір үстелдің басына жиналып, үлкенді-кішілі кедергілерді жоюға заңдық көмек беріңіздер. Сіздерге нақты тапсырма беруім үшін аймақтың әрбір әкімі менен осындай міндеттемелер алуы тиіс емес шығар?! Қысқасы, қысқа мерзім ішінде атқарушы билік өкілдерін допша домалатуды доғарыңыздар, - деді Серік Нығметұлы.
Дереккөз: baq.kz