Атырау, 28 қазан 11:18
 дождьВ Атырау +5.1
$ 455.63
€ 507.89
₽ 5.65

ҚазМұнайГаз пен Exolum: Әуежайларда жаңа отын инфрақұрылымы пайда болады

71 рет қаралды

Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов пен халықаралық Exolum тобының аға вице-президенті Иван Муиньо кездесті. Тараптар Қазақстан әуежайларындағы авиаотын инфрақұрылымын бірлесіп дамыту туралы келісімге келді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «ҚазМұнайГаз-Аэро» және Exolum Aviation арасында стратегиялық ынтымақтастықтың негізгі шарттары туралы үшжақты келісімге қол қойылды. Испаниялық компания үшін бұл қадам Еуразия өңірінің нарығына шығудың алғашқы мүмкіндігі болмақ.

Әуежайларда не өзгереді?

Құжат шетелдік инвестицияларды, озық технологиялар мен халықаралық тәжірибені тартуды көздейді. Әріптестік аясында тараптар:

  • Жаңа отын құю кешендерін салуды және қолданыстағыларын жаңғыртуды;

  • Авиаотынды сақтауға арналған мамандандырылған базалар құруды;

  • Инфрақұрылымды JIG бірлескен инспекциялық тобының талаптарын сақтай отырып, халықаралық Jet A-1 стандартына көшіруді жоспарлап отыр.

Өз кезегінде «ҚазМұнайГаз» сараптамалық қолдау көрсетіп, отандық авиакомпаниялармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді және жобаларды егжей-тегжейлі пысықтайды.

Қазақстандық мамандар жаңа технологиялар мен тәжірибеге қол жеткізеді

«ҚазМұнайГаз» басшысы Асхат Хасенов халықаралық көшбасшылардың бірімен әріптестік орнату қызмет көрсету сапасын арттырып қана қоймай, жергілікті мамандарды оқытуға да мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Ірі халықаралық компаниялардың бірімен ынтымақтастық технологиялық жаңғыртуды жеделдетуге, инфрақұрылымды басқарудың озық тәжірибелерін енгізуге және Қазақстан арқылы халықаралық әуе тасымалының өсуіне жағдай жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Exolum компаниясының білімі мен технологияларын біздің мамандарға беру біз үшін аса маңызды», — деді Асхат Хасенов.

Жақын арада сарапшылар экономикалық талдау жүргізеді. Оның қорытындысы бойынша нақты қай әуежайларда жобалар іске асырылатыны, инвестиция көлемі мен жобаларды жүзеге асыру кезеңдері айқындалады.

Exolum — штаб-пәтері Мадридте орналасқан халықаралық топ. Компания Еуропа мен Американың 10 елінде жұмыс істейді, 68 терминал мен ұзындығы шамамен 6 мың шақырым болатын құбыр желілерін басқарады.

Exolum Aviation әлемнің 50 әуежайындағы отын инфрақұрылымына қызмет көрсетеді және JIG халықаралық ұйымының құрамына кіреді.


Бүгін, 09:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.