
Air Astana әуе компаниясы 25 қазаннан бастап 2027 жылғы 27 наурызға дейін жалғасатын қысқы навигациялық кестеге көшті. Жаңа маусымда әуе тасымалдаушысы Жапонияға тікелей рейстерді іске қосып, Азиядағы бағыттар желісін кеңейтеді және танымал жағажай курорттарына ұшатын рейстер санын арттырады.
Жаңа бағыттар: Токио, Оман және Малайзия
Маусымның басты жаңалығы — көптен күткен Алматы – Токио (Нарита әуежайы) тікелей рейсінің ашылуы. Жапония астанасына алғашқы рейстер 2026 жылғы 30 қарашадан бастап аптасына екі рет орындалады.
Басқа жаңа бағыттар:
Астана – Бангкок: 11 желтоқсаннан бастап, Алматыдан күнделікті орындалатын рейстерге қосымша сейсенбі және жұма күндері;
Алматы / Астана – Салала (Оман): рейстер 23 қазаннан бастап орындалады;
Алматы – Лангкави (Малайзия): 25 желтоқсаннан 27 наурызға дейін аптасына үш рет.
Мальдив аралдарына, Пхукетке және Дубайға рейстер көбейеді
Мерекелер қарсаңында әуе компаниясы сұранысқа ие курорттық бағыттар бойынша рейстер санын арттырады:
Мальдив аралдары (Мале): Алматыдан аптасына 6 рейс орындалады. Ал жүктеме жоғары кезеңдерде, яғни Жаңа жыл мен Наурыз мерекелерінде рейстер күн сайын ұшады.
Фукуок (Вьетнам): Алматыдан аптасына 5 рет, желтоқсаннан бастап күн сайын; Астанадан аптасына 3 рет.
Дубай: Алматыдан аптасына 12 рейске дейін, Астанадан 10 рейске дейін.
Пхукет: Алматыдан аптасына 7 рейс орындалады, ал желтоқсанның басынан бастап олардың саны 9-ға дейін артады.
Бұдан бөлек, Алматы – Шанхай және Астана – Гуанчжоу бағыттарындағы тұрақты рейстер жалғасады.
Елорда хабы бағыттар географиясын кеңейтеді
2026 жылы Астанадан Гуанчжоу, Бангкок, Ларнака, Даламан, Батуми, Ыстықкөл, Салала және Инин қалаларын қоса алғанда, сегіз жаңа бағыт ашылды. Қазір елордадан 32 халықаралық бағытқа ұшуға болады, ал апталық рейстер саны 99-дан 116-ға дейін өсті.
«2026–2027 жылдардағы қысқы маусымда Air Astana Токиоға, Оманға және Лангкави аралына рейстер ашу арқылы халықаралық бағыттар желісін кеңейтеді. Мальдив аралдарына, Пхукетке және Дубайға рейстер жиілігінің артуы жолаушыларға қысқы демалыс пен мерекелік сапарларын ыңғайлы жоспарлауға мүмкіндік береді», — деп түсіндірді Air Astana компаниясының коммерциялық жоспарлау және кірістерді басқару жөніндегі аға вице-президенті Ерболат Байсалықов.
Рейстердің өзекті кестесін нақтылап, билеттерді әуе компаниясының ресми сайтынан, мобильді қосымшасынан немесе аккредиттелген агенттіктерден брондауға болады.
В Атырау +13.8