Маңғыстау облысында темір жол бойындағы алапат апатқа кінәлі автокөлік жүргізушісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. 52 жастағы азамат қазір қамауға алынып, тергеліп жатыр деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Естеріңізге салсақ, өткен сенбіде оның жанармай таситын автокөлігі пойызға соқтығысып қалған. Оқыс оқиғадан мұнай тиелген 17 цистерна мен тепловоз жанып кетті. Ал машинст ауыр жарақат алып, оның көмекшісі тірідей өртеніп кеткен.
Қазір апатқа кінәлі деп танылған 52 жастағы Сүндетов абақтыда отыр. Айтуынша, өткелден өтерде ол ешқандай тепловозды көрмепті. Отыз жылдай көлік жүргізіп келе жатқан азаматтың сол күні сау болғанын сараптама да анықтаған.
Қазір арнайы комиссия апаттың себебі мен келтірілген шығынды анықтауға кірісті. Экологтар қоршаған ортаға келген залалдың шығынын автокөлікке иелік ететін «Эмир ойл» компаниясы өндіруі мүмкін деп отыр. Ал қаза тапқан теміржолшы мен жараланған машинистің отбасына жергілікті билік қаржылай көмек көрсетуді өз мойындарына алды.
Дереккөз: Қазақстан жаңалықтары АА.