
Орал қаласында грек-рим күресінен әлем чемпионатында жүлделі орын алған ардагер спортшы ақшалай сыйақы алу үшін сотқа жүгінуге мәжбүр болды.
Мәдениет және спорт министрлігі спортшының Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі еместігін алға тартып, оған сыйақы төлеуден бас тартқан. Алайда сот бұл шешімді заңсыз деп таныды.
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, спортшы 2025 жылғы 7–12 қазан аралығында Венгрияның Татабанья қаласында өткен ардагерлер арасындағы грек-рим күресінен әлем чемпионатында жүлделі орынға ие болған.
Жарыстан кейін қазақстандық спортшы өзіне тиесілі ақшалай сыйақыны алу үшін өтініш бергенімен, оған төлем жасаудан бас тартылған.
Мемлекеттік орган өз шешімін спортшының спорт ардагерлері санатына жататынымен және Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі еместігімен түсіндірген.
Бұл шешіммен келіспеген балуан сотқа жүгінді.
Бұрын сыйақы төлеген, енді бас тартқан
Сот талқылауы барысында мемлекеттік органның бұған дейін де осы спортшыға халықаралық жарыстардағы жетістіктері үшін ақшалай сыйақы төлегені анықталды.
Сот 2022–2024 жылдардағы чемпионаттардың қорытындысы бойынша сыйақы төлеу туралы оң шешімдер қабылданғанын анықтады.
Бұл факт 2025 жылғы 25 сәуірдегі №3370 төлем тапсырмасымен де расталды.
Осылайша, ведомство бұған дейін спортшының ақшалай сыйақы алуға құқығын мойындағанымен, 2025 жылы дәл осындай жетістікке жеткені үшін төлем жасаудан бас тартқан.
Сот қандай шешім қабылдады?
Әкімшілік талап арызды қараған сот Мәдениет және спорт министрлігінің 2025 жылғы 30 желтоқсандағы шешімін заңсыз деп танып, күшін жойды.
Сонымен қатар мемлекеттік органға ардагерлер арасындағы әлем чемпионатында жүлделі орын алған спортшыға ақшалай сыйақы төлеу туралы шешім қабылдау міндеттелді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.
В Атырау +7.7