
Қазақстанда алаяқтар TikTok арқылы 5 миллион теңгеге дейінгі несие мен айыппұлдарды есептен шығаруға уәде беретін бейнероликтер таратып жатыр. Алаяқтар назар аударту үшін мемлекеттік рәміздерді пайдаланып, жалған сайттарды әлеуметтік көмек көрсететін ресми сервистер ретінде таныстырады.
Шын мәнінде, бұл схема Telegram аккаунттарын және пайдаланушылардың жеке деректерін ұрлауға әкелуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-ның Дезинформацияға қарсы күрес орталығы хабарлады.
Орталық мамандарының мәліметінше, TikTok желісінде кәмелетке толған барлық қазақстандықтарға несие берешегі мен айыппұлдардан құтылуға мүмкіндік бар деп уәде беретін бейнероликтер пайда болған.
Алаяқтар азаматтарға мемлекеттік көмек алудың жолы ретінде профиль сипаттамасында жарияланған сілтеме арқылы өтуді ұсынады.
Алайда қарыздарды есептен шығару туралы уәделердің артында қауіпті схема жасырынуы мүмкін.
Алаяқтар Telegram-ға қалай қол жеткізбек?
Орталық мамандары күмәнді интернет-ресурсты зерттеп, фишингтің бірнеше белгісін анықтады.
Сайт мемлекеттік әлеуметтік көмек көрсету сервисінің үлгісінде безендірілген. Алдымен келушіден туған жылын көрсету сұралады. Осыдан кейін жүйе оның бағдарлама талаптарына сәйкес келетіні туралы автоматты түрде хабарлайды.
Содан соң пайдаланушы авторизациядан өту үшін Telegram-ға бағытталады.
Сонымен қатар сайтта кері санақ таймері орнатылған. Ол асығыстық сезімін тудырып, ақпаратты тексеруге уақыт қалдырмай, адамды тез шешім қабылдауға итермелейді.
Негізгі қауіп — Telegram-дағы күмәнді авторизацияны растау бөгде адамдарға аккаунтқа, хат алмасуларға және онымен байланысты деректерге қол жеткізуге мүмкіндік беруі мүмкін.
Техникалық тексеру нәтижелері
Орталық мамандары күмәнді ресурсты ақпараттық қауіпсіздік сервистері арқылы тексерді.
VirusTotal деректеріне сәйкес, LevelBlue сервисі сайтты фишингтік ресурс ретінде жіктеген, ал alphaMountain.ai және Fortinet оны спам санатына жатқызған.
Сондай-ақ тексеру кезінде домендік атаудың шамамен 17 күн бұрын тіркелгені анықталды.
Сайттың жақында тіркелуі өздігінен алаяқтықтың дәлелі болмаса да, басқа күмәнді белгілермен бірге бұл күдікті күшейте түседі.
Орталық мамандары мемлекеттік рәміздердің, ресми көрінетін дизайнның және тіпті қорғалған интернет байланысының болуы ресурстың шынайылығына кепілдік бермейтінін атап өтті.
Алаяқтардың құрбаны болмау үшін не істеу керек?
Қазақстандықтарға сайттардың мекенжайларын мұқият тексеру ұсынылады. Әсіресе несие мен айыппұлдарды есептен шығаруға немесе басқа да қаржылық жеңілдіктер беруге уәде ететін ресурстарға ерекше назар аудару қажет.
Қазақстанның мемлекеттік органдарының ресми сайттары .gov.kz домендік аймағын пайдаланады. Ал сайт мекенжайының .kz деп аяқталуы оның мемлекетке тиесілі екенін білдірмейді.
Сондай-ақ .cfd, .xyz, .top немесе .click сияқты әдеттен тыс домендік аймақтары бар сайттарға өтуде аса сақ болған жөн.
Егер пайдаланушы Telegram-дағы күмәнді кіруді растаған болса, мамандар белсенді сеанстарды дереу тексеруге, белгісіз құрылғылардағы барлық қосылымдарды тоқтатуға және екі сатылы аутентификацияны қосуға кеңес береді.
Дезинформацияға қарсы күрес орталығының ескертуінше, алаяқтар азаматтардың сеніміне кіріп, жеке деректеріне қол жеткізу үшін қарыздар мен қаржылық көмек сияқты өзекті әлеуметтік тақырыптарды жиі пайдаланатын болған.
Қазақстандықтарға қарыздарды есептен шығаруға қатысты мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеріп, күмәнді сілтемелерге өтпеу ұсынылады.
В Атырау +2.7