
Астанада өрт сөндірушілер елорданың сол жағалауындағы түтін басқан тұрғын үй кешенінен 32 адамды құтқарды. Эвакуацияланғандардың арасында 13 бала бар.
Төтенше жағдай Есіл ауданында болған. Сарайшық көшесіндегі тұрғын үй кешендерінің бірінің автотұрағында электр кабельдері мен автокөлік шиналары өртенген. Бірнеше минуттың ішінде түтін ғимарат ішіне тарала бастаған.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел қызметтері дереу жетті.
«Өртті сөндіру барысында газ-түтіннен қорғау қызметінің буындары ғимараттан 32 адамды, оның ішінде 13 баланы құтқарды. Өрт сөндірушілердің үйлесімді әрі жедел әрекетінің арқасында адамдарды қауіпті аймақтан тез арада эвакуациялау мүмкін болды», — деп хабарлады ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.
Өрт толық сөндірілді. Қатты ыстық пен жалынның әсерінен тұрақта тұрған төрт автокөлік зақымданған.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға салдарынан тұрғындар арасында зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр.
В Атырау +2.7