
Маңғыстау облысында ауқымды реконструкциядан кейін Маңғыстау станциясының теміржол вокзалы салтанатты түрде ашылды. Алайда бұл оқиға жергілікті тұрғындар арасында бұрын-соңды болмаған қызығушылық тудырып, кіреберіс маңында адамдардың иін тірескен кептелісіне ұласты, деп хабарлайды jaqdaykz.
Оқиға орнынан түсірілген кадрларды танымал блогер Азамат Сәрсенбаев жариялады. Бейнежазбадан ғимараттың алдында қалың жұрт жиналып, есік алдында бір мезетте ішке кіруге тырысқан адамдардың топтасып қалғанын көруге болады.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі жағдайға түсініктеме беріп, келушілердің көптеп жиналуына тұрғындардың жаңартылған нысанға деген жоғары қызығушылығы себеп болғанын мәлімдеді.
«Жаңартылған вокзалды көруге қаланың түкпір-түкпірінен тұрғындар келді. Кейбір адамдар кезек сақтамай, ішке бірінші болып кіруге тырысқан. Соның салдарынан кіреберісте жолаушылар мен қонақтар уақытша топтасып қалды», — деп хабарлады ұлттық компания.
Реконструкция нәтижесінде Маңғыстау станциясының вокзалы адам танымастай өзгерген. Оның аумағы 11 еседен астам ұлғайып, қазір 9 мың шаршы метрден асты.
Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін ғимарат ішінде мынадай нысандар қарастырылған:
Кең әрі жайлы күту залдары;
Лифтілер мен эскалаторлар;
Ана мен балаға арналған заманауи бөлмелер;
Жаңа коммерциялық және санитарлық-тұрмыстық аймақтар.
В Атырау +14.9