Атырау, 23 қазан 15:40
 дождьВ Атырау +14.9
$ 447.94
€ 502.32
₽ 5.52

Тоқаев: Қазақстан экономикасы 2019 жылдан бері 30%-ға өсті

53 рет қаралды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай өткен салтанатты іс-шарада Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік даму көрсеткіштерін жариялады.

Мемлекет басшысының айтуынша, 2019 жылдан бері ел экономикасы шамамен 30%-ға өсіп, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 15 мың доллардан асты.

Президенттің мәлімдеуінше, Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің көлемі 350 млрд долларға жуықтап келеді. Бұл көрсеткіш бойынша республика ТМД елдері арасында екінші орында тұр.

Тоқаев шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40%-ға жеткенін, ал бүгінде осы салада елдің еңбекке қабілетті халқының жартысына жуығы жұмыс істейтінін де атап өтті.

Мемлекет басшысы шетелдік инвестиция тарту мәселесіне де жеке тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жеті жылда Қазақстан 155 млрд доллар инвестиция тартқан.

Тек 2026 жылдың басынан бері жалпы сомасы 60 млрд долларды құрайтын 355 коммерциялық келісімге қол қойылған.

«Жоғары деңгейдегі халықаралық іс-шараларға қатысу және түрлі елдерге сапар жасау Қазақстанның саяси беделін нығайтып қана қоймай, орасан зор практикалық пайда әкеледі», — деді Тоқаев.

Президент өңдеу өнеркәсібінің өсіміне де тоқталды. Оның айтуынша, соңғы бес жылда бұл саланың экспорттағы үлесі 45%-дан асқан.

Мемлекет басшысы Қазақстанда теміржол машина жасау саласы айтарлықтай кеңейгенін атап өтті. Қазір елімізде рельстер, шпалдар, вагондар мен электровоздар шығарылады.

Жеңіл және жүк көліктерінің жылдық өндірісі 150 мың данадан асқан.

Тоқаев әлеуметтік саладағы көрсеткіштерді де келтірді. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында шамамен 7 миллион баланың шотына 2,5 млрд доллар аударылған.

Өткен жылы елде 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жуықтаған.

Президент сөзінің тағы бір маңызды бағыты цифрландыру болды.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның IT-қызметтер экспорты 1 млрд доллардан асқан. Елде Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы мен Astana Hub жұмыс істейді.

Бұдан бөлек, Қазақстанда екі суперкомпьютер іске қосылған. Алдағы уақытта қуаты бұдан да жоғары үшінші есептеу кешенін іске қосу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар «Деректер орталықтары алқабы» (ДОА) кластері құрылып, жасанды интеллектіні экономиканың түрлі салалары мен мемлекеттік басқаруға енгізуді көздейтін Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы жүзеге асырылып жатыр.

Тоқаев Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы көлік-логистикалық хаб ретіндегі мәртебесін нығайтып жатқанын да мәлімдеді. Елде әуежайлар, теміржол вокзалдары, көпірлер, теңіз порттары мен шекаралық инфрақұрылым салынып, жаңғыртылып жатыр.

Оның айтуынша, соңғы жеті жылда ондаған мың шақырым автомобиль жолы мен теміржол салынған және жөнделген.

Бүгін, 14:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.