Атырау, 22 қазан 11:41
 дождьВ Атырау +6.3
$ 448.61
€ 503.83
₽ 5.48

Қысқы дөңгелектерге көшу уақыты келді: Қазақстанда полиция тексерулер бастады

58 рет қаралды

Қазақстанда ауа райының күрт нашарлауы мен көктайғаққа байланысты көліктерінің жазғы дөңгелектерін қысқысына ауыстырып үлгермеген жүргізушілерге шектеулер енгізіле бастады. Техникалық регламент бойынша қысқы кезеңде жазғы шиналарды пайдалануға ресми тыйым 1 желтоқсанда күшіне енгенімен, жол қызметтері мен полиция белгіленген мерзімге дейін-ақ шаралар қабылдап жатыр. Бұл туралы Kolesa.kz хабарлады.

«ҚазАвтоЖол» ҰК мәліметінше, еліміздің бірқатар өңірінде, атап айтқанда Павлодар, Ақмола, Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Абай облысы мен Шығыс Қазақстан облысында көктайғаққа байланысты республикалық маңызы бар жолдарда жазғы шиналармен жүруге уақытша шектеу қойылған. Мұндай шаралар ауа райы жағдайына қарай жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жедел түрде қабылданады.

Тексерулер қалай жүргізіледі?

  • Жолдың қауіпті әрі тайғақ учаскелерінің шекараларына бақылау бекеттері қойылады.

  • Полиция қызметкерлері көліктердің шиналарын іріктеп немесе барлық көлікті жаппай тексереді.

  • Жазғы шиналармен жүрген жүргізушілер заңбұзушылық жойылғанға дейін кері қайтарылады.

Жүргізушілер нені білуі керек?

  • 1 желтоқсаннан 28 ақпанға дейін бүкіл ел аумағында қысқы шиналарды пайдалану міндетті. Бұл талап барлық жүргізушіге қолданылады. Қысқы шиналар шегелі немесе тау шыңы мен қар ұшқыны бейнеленген таңбасы, сондай-ақ M+S, M&S, M S белгілері бар болуы керек.

  • Қысқы шиналар тек жетекші оське емес, төрт дөңгелектің барлығына орнатылуы тиіс.

  • Бір оське әртүрлі типтегі, өлшемдегі немесе протекторлы шиналарды орнатуға тыйым салынады.

  • Қысқы шиналар протекторының рұқсат етілген ең аз тереңдігі — 4 миллиметр.

Қысқы кезеңде жазғы шиналармен көлік жүргізгені үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. 2026 жылы бұл сома 21 625 теңгені құрайды.

Бүгін, 10:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.