
Әлеуметтік желілердегі вирустық трендті қайталап, «сәттілікті ұстап қалуға» тырысқан Қызылорда тұрғынының әрекеті сәтсіз аяқталды. Қайрат Нұртастың мерейтойлық концертінде көрермен бағалы сыйлықтан қағылды. Есесіне, әншіден көпшілік алдында тәлім-тәрбие сабағын алды.
Оқиға 20 қазанда «Қайсар Арена» стадионында өткен «Сахнада 20 жыл» атты шоу-концерт кезінде болған. Әнші өнер көрсетіп жатқан сәтте жанкүйерлердің бірі сахнаға, тура әншінің аяғының астына сөмкесін лақтырып жіберген.
Қайрат Нұртас эмоциясын жасырып қалмады: әнін аяқтаған соң, сөмкені көтеріп алып, қолына микрофон ұстап тұрып, оны лақтырған көрерменге ескерту жасады.
«Олай лақтырма, бауырым. Бұлай жасауға болмайды. Бұл — тәрбиесіздік. Ертең ұяласың!» — деп түйіндеген әнші сөмкені иесіне қайтарып берді.
В Атырау +6.3