
Қазақстанда мерзімді әскери қызметті өтеу тәртібі түбегейлі өзгереді. Жаңа жүйе бойынша шақырылушылар алғашқы алты айда оқу орталықтарында дайындықтан өтсе, қалған алты айды тікелей әскери бөлімдерде жауынгерлік міндеттерді орындауға арнайды.
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында белгілі болды. Жиында Қазақстан армиясын кешенді қайта құруға бағытталған Әскери реформа жоспары мақұлданды.
Реформа аясында Қарулы Күштердің құрылымы, басқару жүйесі мен қорғанысты жоспарлау тетіктері қайта қаралады. Заманауи соғыс талаптарына сай армия құрамында жеке бағыт ретінде Ұшқышсыз жүйелер күштері ұйымдастырылады.
Мемлекет басшысы елде қысқа мерзім ішінде заманауи, заманауи технологиялармен жарақтанған әрі ұтқыр армия құру қажеттігін баса айтты.
«Қарулы Күштердің сапасын өзгерту міндеті қойылды. Бұл басқару жүйесіне, әскери қызметшілерді даярлауға, кадр саясатына, әскери білім беруге, қорғанысты жоспарлауға және технологиялық жарақтануға қатысты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Реформаның бөлек бір блогы сарбаздардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға арналған. Осы мақсатта Әскери қызметшілердің құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымы мен әскери кеңесшілер институты енгізіледі. Сонымен бірге армиядағы жарғыға қайшы қарым-қатынастардың алдын алу және әскери тәртіпті күшейту шаралары қатаңдатылады.
Жастарды отансүйгіштікке баулу және әскерге даярлау бағытында «Жас айбын» жүйесі дамытылып, мамандандырылған әскери мектептер желісі кеңейтіледі. Мектептердегі бастапқы әскери дайындық сапасын арттыру да көзделген.
Реформа аясындағы ұйымдастыру шаралары 2026 жылдың соңына дейін аяқталып, негізгі тұжырымдамалық өзгерістер 2027 жылы іске асырылады. Мемлекет басшысы жыл соңына дейін Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізуді тапсырды. Реформаның орындалуын бақылау мен үйлестіру Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесіне жүктелді.
В Атырау +6.3