
АХҚО соты тиісті рұқсатсыз қазақстандық пайдаланушыларға қызмет көрсеткен лицензиясыз алты криптоплатформаның операторларына қатысты сот тыйымын шығарды.
Астана халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің (AFSA) хабарлауынша, шешім 2026 жылғы 15 қыркүйекте қабылданған. Ол BingX, Bitcoin.com, Huobi Global (HTX), BitMart, Coinbase және WEEX платформаларына қатысты.
Операторларға лицензиясыз цифрлық активтерге байланысты қызметтерді көрсетуге, ұсынуға және жарнамалауға, сондай-ақ осындай қызметтерге арналған мобильді қосымшаларды таратуға тыйым салынды.
Бұдан бөлек, сот шешімі Google мен Apple компанияларына да қатысты. Олар қосымшалар дүкендерінің операторлары ретінде қарастырылған. Қазақстан аумағында тиісті сервистерге қолжетімділікті географиялық тұрғыдан шектеу үшін сот актілері осы компанияларға жолдануға тиіс.
Бастапқыда сот шешімінде LBank криптоплатформасы да болған. Алайда платформа Қазақстандағы қызметтеріне қолжетімділікті өз еркімен бұғаттаған. Осыдан кейін 18 қыркүйекте сот оны тізімнен алып тастады.
AFSA мәліметінше, лицензиясыз платформаларға қатысты жұмыс 2025 жылы басталған. Сол кезде реттеуші 20-дан астам криптоплатформаға ескерту жіберген.
2026 жылдың басында AFSA лицензиясыз жұмысын жалғастырған сервистерге қарсы сотқа талап-арыз берді. Нәтижесінде тоғыз платформа Қазақстандағы қосымшаларына қолжетімділікті өз еркімен шектеді, ал тағы жетеуі лицензия алуға ниетті екенін мәлімдеді. Қалған алты платформаға қатысты шектеулер сот шешімі негізінде мәжбүрлі түрде қолданылады.
Реттеуші лицензиясыз платформаларды пайдаланушылар реттелетін компаниялардың клиенттеріне арналған қорғаныс тетіктерін пайдалана алмайтынын түсіндіреді. Олардың қатарында активтерді сақтау талаптары, ақпаратты ашу міндеттемелері, шағымдарды қарау және дауларды шешу тәртібі бар.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, ел резиденттері криптовалюталарды AFSA-ның тиісті лицензиясы бар платформалар арқылы саудалай алады. Нақты криптобиржаның мәртебесін реттеушінің ашық тізілімінен тексеруге болады.
В Атырау +16.2