
2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының көлемі 28,5 триллион теңгеге жетті. Соңғы бір жылда бұл сома 13,4%-ға (немесе 3,4 триллион теңгеге) өсті, деп хабарлайды Ranking.kz.
Қазіргі уақытта зейнетақы жинақтарының құрылымы төмендегідей:
Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ): 26,37 триллион теңге (+10,6%);
Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ): 1,35 триллион теңге (шамамен 2,5 есе өскен);
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ): 746,13 миллиард теңге (+5%);
Ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ): 10,43 миллиард теңге (+7,1%).
Бұл ретте жинақтардың өсуі тек жаңа жарналардың есебінен ғана емес (2026 жылдың 8 айында 2,4 триллион теңге түскен), сонымен қатар инвестициялық табыс есебінен де қамтамасыз етілуде. Жыл басынан бері оның көлемі 1,2 триллион теңгені құрады.
Жалпы, 2014 жылдан бері таза инвестициялық табыс 14,6 триллион теңгеге жетті. Қазіргі уақытта ол қазақстандықтардың барлық зейнетақы жинақтарының 40,6%-ын құрайды.
Ұлттық банк БЖЗҚ қаражатын қайда инвестициялайды?
Зейнетақы активтерінің негізгі бөлігі ҚР Ұлттық банкінің басқаруында. Реттеуші қаражатты төмендегідей бөледі:
ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары — 43,46%;
Квазимемлекеттік сектор облигациялары — 8%;
Ұлттық банктегі депозиттер — 3,42%;
Екінші деңгейдегі банктердің (ЕДБ) облигациялары — 2,53%;
Қазақстандық компаниялардың акциялары мен депозитарлық қолхаттары — 2,14%;
Шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздары — 1,75%;
Халықаралық қаржы ұйымдарының облигациялары — 0,99%;
Индекстік басқару (оның ішінде шетелдік активтер) — 37,38%.
Реттеушінің мәліметінше, 2014 жылғы сәуірден 2026 жылғы тамызға дейін зейнетақы активтерінің кірістілігі 213,6%-ды құраған. Осы кезеңдегі жинақталған инфляция деңгейі 206,2% болған.
Жеке басқарушы компаниялар
2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жеке басқарушы компанияларға 151,28 миллиард теңге сенімгерлік басқаруға берілген.
2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап ҚР Әлеуметтік кодексіне енгізілген түзетулер күшіне енді. Оған сәйкес салымшылар МЗЖ және МКЗЖ есебінен қалыптасқан жинақтарының 100%-ына дейінгі бөлігін үш инвестициялық стратегияның бірін таңдау арқылы жеке басқарушы компанияларға бере алады.
Қазіргі уақытта ресми тізілімге 6 жеке компания кіреді:
«Alatau City Invest» АҚ;
«BCC Invest» АҚ;
«Сентрас Секьюритиз» АҚ;
«Halyk Finance» АҚ;
«Halyk Global Markets» АҚ (2027 жылдан бастап шартты бұзуына байланысты өтініштер қабылдау тоқтатылған);
«Tansar Capital» АҚ.
Жеке басқарушы компаниялардың кірістілік көрсеткіштері мен жұмыс шарттарын қазақстандықтар invest.enpf.kz арнайы порталында салыстыра алады. Ал өз зейнетақы шоты туралы толық ақпаратты enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен көруге болады.
В Атырау +9.7