Атырау, 19 қазан 18:59
 дождьВ Атырау +22.5
$ 452.12
€ 508.95
₽ 5.41

Ақтаудағы базарда жол талғамайтын көлік екі адамды қағып кетті

104 рет қаралды
Видеодан алынған стоп-кадр
Видеодан алынған стоп-кадр

Ақтаудың 25-шағынауданындағы «Көк базар» аумағында жол талғамайтын көліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Toyota Land Cruiser тізгініндегі жүргізгіш әйел екі жаяу жүргіншіні қағып кетті, деп жазады Криминальный Казахстан.

Куәгерлердің мәліметінше, жол талғамайтын көлік тізгініндегі әйел артқа қарай маневр жасау кезінде берілісті шатастырып алған. Нәтижесінде көлік алдымен тоқтап тұрған Toyota Alphard автокөлігін соғып, кейін жанында тұрған адамдарды қаққан.

Көлік қағуы салдарынан ер адам мен әйел зардап шекті — олар шұғыл түрде Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасына жеткізілді.

«Алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ер адам амбулаториялық емделуге үйіне жіберілді. Екінші зардап шегуші нейрохирургия бөліміне жатқызылды», — деп хабарлады медициналық қызмет өкілдері.

Өңірлік полиция департаменті оқиға фактісін растады. Toyota Land Cruiser автокөлігі мамандандырылған айып тұрағына қойылды.

Жол талғамайтын көлік жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы («Көлік құралдары жүргізушілерінің адамдардың денсаулығына зиян келтіруге, көлік құралдарының немесе өзге де мүліктің бүлінуіне әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзуы») бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жүргізуші әйелге айыппұл салынуы немесе көлік құралын басқару құқығынан айырылуы мүмкін.

Бүгін, 17:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.