
Ақтау қалалық соты бұзақылық ниетпен денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді деп айыпталған Е. азаматына қатысты қылмыстық істі қарады.
Сот анықтағандай, 2026 жылғы 4 шілдеге қараған түні сотталушы Ақтау қаласының 12-шағынауданындағы дәмханада болып, алкогольдік ішімдік ішкен.
Іс материалдарына сәйкес, ол жәбірленуші А.-ның үстелінен рұқсатсыз тіскебасар алып, спирттік ішімдікті төгіп, содан кейін мекемеден шығып кеткен.
Жәбірленуші оның мұндай әрекетінің себебін анықтау үшін далаға шыққан кезде, сот мәліметінше, сотталушы оның шап тұсына асүй пышағымен соққы жасаған. Салдарынан ер адамның денсаулығына ауыр зиян келтірілген.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Е. өз кінәсін ішінара мойындап, жәбірленушіден кешірім сұрады. Сондай-ақ бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды өтінді.
Жәбірленуші сотқа сотталушыны кешіргенін, оған ешқандай талабы жоқ екенін айтып, ер адамды бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Алайда сот сотталушының кінәсі жәбірленуші мен куәлардың айғақтарымен, сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен, бейнежазбамен және іс бойынша басқа да материалдармен дәлелденген деген қорытындыға келді.
Жеңілдететін мән-жай ретінде сот Е.-нің кәмелетке толмаған баласының бар екенін ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Нәтижесінде ер адам ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 2-бөлігінің 7-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды.
В Атырау +21.3