
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес ұйымы «ҚазМұнайГаз-Аэро» компаниясы АҚШ-тың «National Airlines» жүк тасымалдаушы әуе компаниясымен келісім жасасып, еліміздегі әуежайларда ұшақтарға жанармай құю қызметін көрсетуге кірісті.
Серіктестік аясындағы алғашқы рейс бүгін, 16 қазанда Түркістан халықаралық әуежайында орындалып, Гонконг – Түркістан – Амстердам бағытымен ұшқан Boeing 777 жүк ұшағына отын құйылды.
Жаңа келісім Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент және Түркістан қалаларының әуежайларын қамтиды. Бұл шетелдік тасымалдаушыға Қазақстан аумағында бірыңғай жеткізушінің қызметін пайдаланып, рейстерін тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
Қазір «ҚМГ-Аэро» әлемнің 50-ге жуық шетелдік әуе компаниясына қызмет көрсетеді. Америкалық ірі оператормен орнатылған серіктестік қазақстандық әуежайлардың халықаралық жүк тасымалы нарығындағы позициясын нығайтып, транзиттік әлеуетін арттыра түспек.
Мамандардың айтуынша, заманауи инфрақұрылымы бар Түркістан әуежайы өңірдегі жүк көлемін сапалы өңдеуге толық қауқарлы. Бұл бағыттағы жұмыстар елімізді Еуразия кеңістігіндегі сенімді авиациялық хабқа айналдыру мақсатында жалғасады.
Штаб-пәтері Флорида штатының Орландо қаласында орналасқан «National Airlines» — жүк және жолаушыларға арналған чартерлік рейстерді орындаумен айналысатын америкалық компания. Оның әуe паркінде Boeing 747 және Boeing 777 сияқты ірі көлемді жүк ұшақтары бар.
В Атырау +21.7