
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі ірі мұнай-газ химиясы жобаларының жүзеге асырылуымен танысты.
Басты нысандардың бірі — қуаты жылына 1,25 млн тоннаны құрайтын, құрылысы жүріп жатқан «Силлено» полиэтилен өндіру зауыты болды.
Қазіргі уақытта пиролиз, полимерлеу қондырғылары мен зауыттың жалпышаруашылық нысандарында құрылыс жұмыстары жүруде. Атап айтқанда, ғимараттар мен нысандарды салу, инженерлік желілерді тарту және технологиялық жабдықтарды монтаждау жұмыстары атқарылып жатыр.
Жобадағы алғашқы ірі технологиялық жабдық – Қазақстандағы «АтырауНефтеМаш» зауытында жасалған, биіктігі 101,8 метр болатын этиленді фракциялау бағанасы орнатылды. Оған қоса пештер мен криогендік резервуарларды монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар жалпы салмағы 1 600 тоннаны құрайтын бес ірі габаритті жабдықты жеткізу жұмыстары жүріп жатыр. Олардың қатарында салмағы шамамен 700 тонна, ені 12,6 метр болатын салқын блок бар.
Жобадағы жалпы прогресс 40%-дан асты. Құрылыс алаңына 5 000-нан астам адам және 500-ден аса арнайы техника жұмылдырылған.
Ірі мұнай-газ химиясы жобасына 40-қа жуық қазақстандық компания тартылған. Келісімшарттардың жалпы сомасы 1,2 млрд АҚШ долларынан асады.
Бұдан бөлек, ҚМГ басшысы Теңіз кен орнындағы Газ сепарациялау кешенінің (ГСК) және магистралды құбыржолдарының құрылысы бойынша ағымдағы жұмыстардың жай-күйі туралы есепті тыңдады.
ГСК алаңында 25 677 қада қағылды, бұл жобада көзделген жалпы көлемнің 87% құрайды. Кешен құрылысы бойынша жалпы ілгерілеу көрсеткіші 31% жетті.
Қазір ГСК құрылысына 3 000-нан астам адам жұмылдырылған. Отандық компаниялармен жалпы сомасы 154 млн АҚШ долларынан асатын келісімшарттар жасалды.
Магистралды этан және пропан құбырларын салу жобасы аясында сыртқы электрмен жабдықтау және трасса бойындағы нысандарды жобалау жұмыстары аяқталды. Құбырдың желілік бөлігі және алаңдағы нысандар бойынша жобалау жұмыстары аяқталуға жақын.
Сонымен қатар жобаны қажетті жабдықпен және материалдармен қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатыр. Арнайы дайындалатын жіксіз болат құбырларын жеткізу үшін өндіруші зауытпен келісімшарт жасалды. Пропан құбырын әзірлеу жұмыстары да басталды.
В Атырау +14.6