
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты автодилерлік компанияда жұмыс істеп, жалған құжаттар арқылы миллиондаған теңгені қалтасына басқан менеджерге қатысты айыптау үкімін шығарды.
Сотта белгілі болғандай, автосалонның сату бөлімінде қызмет атқарған сотталушы жалған құжаттар ресімдеу арқылы жалпы құны 53,1 миллион теңге болатын 8 «JAC J7» автокөлігін заңсыз автосалоннан шығарып, сатып жіберген. Түскен қаражатты кәсіпорын кассасына кірістемей, өзі иемденген. Бұдан бөлек, 2026 жылдың қаңтарында ол танысына дәл осы маркадағы үш көлікті нарықтағыдан төмен бағамен алып беруді ұсынған. Алдын ала орындамайтынын біле тұра, сатып алушыдан 16,5 миллион теңге алып, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап жіберген. Алаяқтық әрекеттерден келген жалпы шығын 69,6 миллион теңгені құрады.
Сот барысында мемлекеттік айыптаушы А.-ны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал сотталушы мен оның қорғаушысы іс-әрекетке өкінетінін айтып, жазаны жеңілдетуді өтінді.
Судья істің мән-жайын саралай келе, алғашқы эпизод бойынша тағылған «сеніп тапсырылған мүлікті иемденіп алу» бабын «алаяқтық» бабына қайта саралады. Себебі автокөліктер менеджерге материалдық жауапкершілікпен сеніп тапсырылмаған, ол көліктерді сақтауға жауапты болмаған және оларды өз бетінше сату өкілеттігіне ие болмаған.
Сот жаза кесу кезінде айыптының бұрын сотталмағанын, жасаған ісіне өкінгенін және кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімімен айыпталушы менеджер 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған 8 жыл бойы коммерциялық ұйымдарда тауар мен қызметтерді сатуға байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды. Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары толық қанағаттандырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
В Атырау +25