
Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ) өндірістің қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін азайту мақсатында жалпы құны 174 миллиард теңгеге бағаланған 18 табиғатты қорғау шарасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Кешенді бағдарлама нәтижесінде кәсіпорыннан бөлiнетiн ластаушы заттар лимиті 2030 жылға қарай 12,6 мың тоннаға дейін төмендейді (2020 жылы бұл көрсеткіш 20,1 мың тонна болған).
Атырау өңіріне жасаған жұмыс сапары аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов зауыттың негізгі өндірістік нысандарын аралап, экологиялық жобалардың орындалу барысын тексерді.
Зауыттың экологиялық тиімділігін арттыру жоспарына сәйкес, технологиялық пештердің жанарғылары ауыстырылып, газды фракциялау қондырғысы жаңғыртылады. Сондай-ақ жаңа сорғы станциясы, алау газдарын қайтару блогы және баяу кокстеу қондырғысында буларды ұстау блогы салынады. Сонымен қатар Жайық өзенінен тұтынылатын тұщы су көлемін жылына 4,5 миллион текше метрге дейін қысқарту көзделген.
Қоршаған ортаға жүктемені азайту үшін резервуарларға арнайы понтондар орнатылуда. 2026 жылдың соңына дейін тиісті 75 резервуардың 71-і осындай қалқымалы құрылыммен жабдықталады. Әрбір понтон көмірсутек шығарындыларын 90 пайызға дейін азайтады. Әрі қараша айында №10 қазандықтағы жанарғылар жаңартылып, бұл жұмыстар кейін басқа да қондырғыларда жалғасын табады.
Бұдан бұрын, 2021–2025 жылдары зауытта 51,3 миллиард теңгеге 8 табиғатты қорғау шарасы аяқталған болатын. Соның ішінде «Tazalyq» жобасы шеңберінде механикалық тазарту құрылыстары мен ағынды сулар каналы реконструкцияланып, ашық бассейндер жойылды, сондай-ақ булану алаңдарының зауытқа тиесілі бөлiгi қалпына келтірілді. Нәтижесінде ағынды сулар құрамындағы мұнай өнімдерінің шоғырлануы 1,3 есеге азайды.
Қазіргі уақытта кәсіпорынның санитарлық-қорғау аймағында «Перетаска», «Химпоселок», «Мирный» және «Пропарка» автоматтандырылған экологиялық посттары жұмыс істеп тұр. Ауа сапасының көрсеткіштері сағат сайын «Қазгидромет» РМК мен «AIR KZ» платформасына, ал 8 қазаннан бастап зауыттың ресми сайтына жүктеледі. Жыл соңына дейін бұл бекеттерді толық жаңғырту жоспарланған.
Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша зауыт 4,17 миллион тонна шикізат өңдеді. Мұнай өңдеу тереңдігі 91,1 пайызды, ал жеңіл мұнай өнімдерін шығару 80,3 пайызды құрады.
Қорытындысында «ҚазМұнайГаз» басшысы Асхат Хасенов зауыт басшылығына экологиялық жобаларды белгіленген мерзімде сапалы аяқтауды және өндірістің қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.
В Атырау +25.6 















