Атырау, 15 қазан 14:45
 дождьВ Атырау +20
$ 450.62
€ 504.20
₽ 5.36

Олжас Бектенов қатарлық инвесторлармен Қашағандағы газ өңдеу зауыттарының құрылысын талқылады

83 рет қаралды

Премьер-министр Олжас Бектенов Қатардың «Power International Holding» (PIH) компаниясының басшылары Муатаз Әл-Хаят және Рамез Әл-Хаятпен кездесіп, ел аумағында жүзеге асырылып жатқан бірлескен ірі инфрақұрылымдық жобалардың барысын талқылады.

Тараптар газ өңдеу, газ тасымалдау және телекоммуникация салаларындағы серіктестікті пысықтады. Атап айтқанда, Қашаған кен орнында екі жаңа газ өңдеу зауытын салу жобасына баса назар аударылды.

Энергетика министрлігінің дерегі бойынша, бұл бағыттағы жұмыстар кестеге сай жүріп жатыр:

  • Қуаты жылына 1 миллиард текше метр болатын бірінші зауытта қазір құрылыс-монтаж жұмыстары қарқын алған. Негізгі жабдықтар толық жеткізіліп, нысанды 2027 жылы іске қосу жоспарланған.

  • Қуаты 2,5 миллиард текше метр болатын екінші зауыттың негізгі кезеңіне дайындық жүріп жатыр, қазірдің өзінде EPC-мердігер анықталды. Бұл жоба 2030 жылы аяқталады деп көзделген.

Сондай-ақ елдегі газ тасымалдау инфрақұрылымын жақсарту мақсатында «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісі салынып жатыр. Қазір жобалау жұмыстары мен қажетті жабдықтарды жеткізу ісі жүруде. Құбырдың бірінші кезеңі 2027 жылы, ал екінші кезеңі 2029 жылы пайдалануға беріледі.

Кездесу барысында телекоммуникация саласындағы байланыстарды дамыту бағыттары да сөз болды. Үкімет басшысы жобалардың белгіленген мерзімде сапалы орындалуы маңызды екенін атап өтіп, туындаған мәселелерді жедел шешуге мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Өз кезегінде холдинг басшылары ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екенін растап, барлық уағдаластықты сапалы орындауға дайын екенін мәлімдеді.

Бүгін, 13:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.