
Алматы қаласының Жетісу ауданында есірткі қылмыстарына қарсы күрес бөлімшесінің қызметкерлері жанынан оқ-дәрілері бар жауынгерлік тапанша табылған әйелді ұстады.
Ұстау шарасы сағат 17:00 шамасында Райымбек даңғылында жүргізілді. Тексеру барысында алматылық әйелден калибрі 9 миллиметрлік тапанша мен оған арналған бес оқ тәркіленді.
Жауап алу кезінде ұсталған әйел қаруды пайдалануды жоспарламағанын, оны полициямен кездесуден бірнеше сағат бұрын кездейсоқ тауып алғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, тапанша Есентай өзеніне түсетін жердегі бетон қоршаудың үстінде жатқан.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері әйелдің айтқан нұсқасын тексеріп, тәркіленген қарудың шығу тегін анықтап жатыр. Сондай-ақ оның бұрын жасалған қылмыстарда қолданылған-қолданылмағаны тексеріледі.
Сот-баллистикалық сараптаманың және тексеру нәтижелерінің негізінде ұсталған әйелдің әрекетіне түпкілікті құқықтық баға беріледі.
В Атырау +20