
Астана мен Алматы әуежайларында шекарашылар елге заңсыз кіру әрекеттерінің жолын кесті. Қыркүйек және қазан айларында шекаралық бақылаудан жалған құжаттармен өтпек болған 19 шетел азаматы ұсталды, деп хабарлайды ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, құқық бұзушылардың басым бөлігі Қазақстанның мемлекеттік шекарасынан жалған визалар арқылы өтпек болған. Сондай-ақ олар басқа адамдардың жеке деректері көрсетілген құжат бланкілерін пайдаланған.
Анықталған барлық фактілер бойынша құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
ҰҚК мәліметінше, Шекара қызметі жалған немесе өзге адамдарға тиесілі паспорттарды пайдаланатын тұлғаларды анықтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. 2026 жылдың басынан бері Қазақстанның мемлекеттік шекарасында осындай 358 құқық бұзушылықтың жолы кесілген.
Ведомство жалған немесе басқа адамдарға тиесілі құжаттарды пайдаланып, мемлекеттік шекараны кесіп өту немесе кесіп өтуге әрекет жасау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.
В Атырау +20