
Түркияның ең ірі мегаполисін нөсер жаңбыр басты. Ыстанбұл көшелері көліктерді ағызып әкететін буырқанған өзендерге айналып, жерасты өткелдері мен тұрғын үйлерді су басты. Қала мектептерінде сабақ тоқтатылып, билік тұрғындарды үйлерінен шықпауға шақырды, деп хабарлайды TRT Haber.
Табиғи апат қалаға кеше соғып, әлі де жалғасып жатыр. Қатты аққан су негізгі автожолдардағы қозғалысты бөгеп, туннельдерді, жертөлелерді, тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандардың бірінші қабаттарын су басқан. Қауіпті жағдайға байланысты Ыстанбұлдағы барлық білім беру ұйымдарында сабақ тоқтатылды.
Ыстанбұл провинциясының губернаторы Давут Гүл қала тұрғындарына шұғыл ескерту жасады. Оның айтуынша, әсіресе қаланың Анадолы (Азия) бөлігінде нөсер жауын жалғасады.
«Жауын-шашын кезінде барынша сақ болуларыңызды сұраймыз. Мүмкіндігінше көшеге шықпаңыздар және жеке көлікпен жүруден бас тартыңыздар. Жертөлелерге, су басқан өткелдерге, өзен арналарына және көшкін қаупі бар аймақтарға жақындамаңыздар», — деп ескертті Давут Гүл.
Мегаполисте төтенше жағдайлар қызметінің жұмысы күшейтілді. Көшелерде 378 жедел жәрдем бригадасы мен Ұлттық медициналық-құтқару жасағының (UMKE) 5 тобы кезекшілік атқарып жатыр.
Өкінішке қарай, адам шығыны да тіркелді. Қолайсыз ауа райының салдарынан 14 жастағы жасөспірім қаза тапты. Көшеде жүрген бала су басқан шалшыққа байқамай басып кеткен. Сол жерге жалаңаш қалған электр сымы түсіп, жасөспірімді қатты ток соққан. Баланы ауруханаға ес-түссіз күйде жеткізгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Синоптиктер мен төтенше жағдайлар қызметі ахуалды бақылауды жалғастырып жатыр. Түркияның құтқару қызметтері су тасқынынан ең көп зардап шеккен аудандарда оның салдарын жою жұмыстарын жүргізуде.
В Атырау +15.6