
«Әділет» партиясы фракциясының депутаттары қазақстандықтардың дербес деректерін қорғау мәселесін көтеріп, Бас прокурор мен Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министріне депутаттық сауал жолдады.
Бұған себеп болған жағдайлардың бірі — 11 қазанда «Яндекс» сервистерінде орын алған ақау. Депутаттық сауалда компания туындаған мәселелерді шетелдегі инфрақұрылымның істен шығуымен түсіндіргені атап өтілген. Ал бейінді министрлік қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректері сақталатын серверлер ел ішінде орналасқанын мәлімдегенімен, жүйенің кейбір құрамдас бөліктері Қазақстаннан тыс жерде орналасқанын растаған.
Депутаттардың пікірінше, мұндай жағдай азаматтардың телефон нөмірлері, мекенжайлары, жүріп-тұру бағыттары мен төлем туралы ақпаратын қоса алғанда, деректерінің қай елде және қандай құқықтық режимде өңделетінін барынша ашық түсіндіру қажеттігін көрсетеді.
Депутаттық сауалда дербес деректердің ашық жариялану жағдайларына да ерекше назар аударылған.
Мәселен, Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы жеті білім беру ұйымы мемлекеттік сатып алу порталында 529 қызметкердің дербес деректерін жариялаған. Семей қаласында ашық қолжетімділікке тек қызметкерлердің ғана емес, кәмелетке толмаған 344 баланың да деректері шығып кеткен.
Депутаттар бұл ақпаратты алу үшін қаскөйлерге ақпараттық жүйелерді бұзудың да қажет болмағанын атап өтті. Өйткені деректерді қорғауға міндетті ұйымдардың өздері жариялаған.
Депутаттық сауал авторлары балалар туралы ақпаратқа ерекше назар аударуды ұсынды. Әңгіме баланың тұрғылықты жері, оқитын білім беру ұйымы, денсаулық жағдайы және отбасының әлеуметтік жағдайы туралы мәліметтер жөнінде болып отыр. Депутаттардың пікірінше, мұндай ақпараттың таралуы баланың жеке өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Осыған байланысты депутаттар бес шара қабылдауды ұсынды.
Біріншіден, 11 қазандағы жағдайдан кейін дербес деректердің шекарааралық берілуінің заңдылығын тексеру қажет.
Екіншіден, әлеуметтік нысандар мен оларға қызмет көрсететін компаниялардың дербес деректерді жинауының заңдылығын тексеру ұсынылды.
Сондай-ақ маусым айында енгізілген, жалпыға қолжетімді дереккөздерде жарияланбауға тиіс дербес деректерді бүркемелеу талаптарының сақталуын тексеру, мамандардың біліктілігін арттыру және жергілікті атқарушы органдарға арналған бірыңғай тексеру әдістемесін әзірлеу ұсынылды.
Тағы бір ұсыныс дербес деректері заңсыз жарияланған азаматтардың құқықтарын тиімді қалпына келтіруге қатысты.
«Цифрлық мемлекетке деген сенім азаматтың өз деректерінің қорғалатынына сенімді болуынан басталады», — делінген депутаттық сауалда.
Сауал авторлары заңда белгіленген мерзімде ресми жазбаша жауап беруді сұрады.
В Атырау +21.3