
Қостанай облысының Меңдіқара ауданында сот Instagram әлеуметтік желісінде өткізілген пәтер ұтысына қатысты дауды қарады.
Байқау жеңімпазы ұйымдастырушылардан бас жүлденің ақшалай құнын — 7 682 000 теңгені өндіріп алды, деп хабарлайды TobolInfo.
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, «С…» ЖШС байқауды 2025 жылдың шілде айында жариялаған. Бас жүлде ретінде пәтер тігілген. Қазан айында әйел адам байқау жеңімпазы деп көпшілік алдында жарияланған. Мұны Instagram желісіндегі жарияланымдардың скриншоттары да растаған. Компания оның бастапқыда жеңімпаз атанғанын жоққа шығармаған.
Алайда кейін ұйымдастырушылар әйелдің аккаунты жалған болуы мүмкін екенін мәлімдеген. Байқау нәтижелері жойылып, қайта ұтыс ойнатылған, ал пәтер басқа қатысушыға берілген.
Осыдан кейін әйел сотқа жүгініп, парақшаның өзіне тиесілі екенін және байқау өткізілгенге дейін-ақ ашылғанын мәлімдеген.
Сот процесі барысында ұйымдастырушылардың IP-мекенжайларды тексермегені, аккаунттардың бір адамға тиесілі екенін анықтамағаны және парақшаның шынайылығын тексерудің техникалық тәсілдерін қолданбағаны белгілі болды. Компания аккаунттың жалған екенін растайтын сенімді дәлелдер ұсынбаған.
Сот Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 911-бабының 1-тармағына сүйенді. Аталған нормаға сәйкес, белгілі бір нәтижеге қол жеткізгені үшін сыйақы беретінін жария түрде уәде еткен тұлға байқау шарттарына сәйкес жеңімпаз деп танылған қатысушы алдындағы міндеттемесін орындауға тиіс.
Нәтижесінде талап арыз қанағаттандырылды. Сот шешімімен ЖШС-дан әйелдің пайдасына пәтердің ақшалай құны — 7,682 миллион теңге өндірілді.
В Атырау +21.3