
Қазақстанда құрылыс нысандарын пайдалануға беру алдында оларды мүгедектігі бар адамдар мен халықтың басқа да жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімділік талаптарына сәйкестігі бойынша тексеру күшейтілді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша аумақтық департаменттерге сәйкестік туралы декларацияларды келісу жөнінде 562 өтініш түскен.
Оның ішінде 147 декларация немесе 26%-ы келісілген, ал 259 өтініш бойынша немесе 46%-ында бас тартылған. Қалған құжаттар қаралу үстінде.
Анықталған заңбұзушылықтардың қатарында пандустарда тұтқалардың болмауы, олардың дұрыс орнатылмауы, сондай-ақ есік ойықтарының енінің жеткіліксіздігі бар.
Еңбек министрлігінде мұндай кемшіліктер халықтың жүріп-тұруы шектеулі азаматтардың ғимараттарға қауіпсіз кіруіне және олардың ішінде еркін қозғалуына кедергі келтіруі мүмкін екенін атап өтті.
Тексеру кезінде пандустың бар-жоғы ғана емес, адамның ғимаратқа өз бетінше кіре алуы, оның ішінде еркін қозғалуы және қажетті қызметтерді пайдалану мүмкіндігі де ескеріледі.
Сонымен қатар кіреберіс аймақтардың, санитариялық бөлмелердің, қозғалыс жолдарының қолжетімділігі, визуалды және тактильді навигацияның болуы, сондай-ақ көру және есту қабілеті бұзылған адамдарға арналған жағдайлар бағаланады.
Жаңа функция Қазақстанның Құрылыс кодексі қолданысқа енгізілгеннен кейін, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап іске асырылуда. Еңбек министрлігінің аумақтық департаменттері нысандардың қолжетімділік талаптарына сәйкестігін келіседі.
Бұл ретте құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасы мен нысанның жобаға сәйкестігі үшін тапсырыс беруші, мердігер және құрылыстың басқа да қатысушылары жауап береді.
Министрлікте қолжетімді ортаның мүгедектігі бар адамдарға ғана емес, егде жастағы азаматтарға, қозғалысы уақытша шектелген адамдарға және балалар арбасын пайдаланатын ата-аналарға да қажет екенін атап өтті.
В Атырау +20