
Қазақстанның Ішкі істер министрлігі көлік құралдарын тіркеу және жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру қағидаларына өзгерістер енгізуді көздейтін түзетулер әзірледі. Ведомствоның мәлімдеуінше, өзгерістердің мақсаты — мемлекеттік қызметтерді жеңілдетіп, көрсету мерзімін қысқарту.
Негізгі жаңашылдықтардың бірі емтиханды қайта тапсыру тәртібіне қатысты. Егер үміткер емтиханды бірінші реттен тапсыра алмаса, келесі жұмыс күні қайта тапсыруға рұқсат беріледі. Екінші рет те сәтсіздікке ұшыраған жағдайда қосымша дайындалу үшін 10 күнтізбелік күндік үзіліс қарастырылған.
Теориялық немесе практикалық емтиханнан үш рет теріс нәтиже алғаннан кейін тиісті емтиханды қайта тапсыру ақылы болады. ІІМ бұл шара үміткерлерді емтиханға неғұрлым мұқият дайындалуға ынталандыру қажеттілігімен түсіндірді.
Бұдан бөлек, үміткер практикалық емтиханнан өте алмаған жағдайда теориялық емтиханның оң нәтижесі енді жойылмайды.
Өзгерістер шетелдік жүргізуші куәліктерінің иелеріне де қатысты болады. Мұндай куәліктерді қазақстандық куәлікке айырбастау үшін теориялық емтиханды сәтті тапсыру және құжаттың түпнұсқалығын шет мемлекеттің құзыретті органы арқылы растау қажет. Растау Қазақстан тарапының ресми сұрауы негізінде жүргізіледі.
Сондай-ақ автокөлікті қайта жабдықтағаннан кейін оны жеке тексеруден өткізу талап етілмейді. Енгізілген өзгерістердің қауіпсіздігін растайтын құжаттың болуы жеткілікті болады.
В Атырау +20