
Ірі халықаралық мұнай-газ компаниялары Қазақстан аумағында жаңа кен орындарын геологиялық барлауға жүздеген миллион доллар инвестиция құюға дайын. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев LS басылымына хабарлады.
Оның айтуынша, «ҚазМұнайГаз» құрамына Shell, Chevron, Sinopec және CNOOC сияқты алыптар кіретін халықаралық геологиялық барлау консорциумын құру жұмыстарын аяқтап жатыр.
«Батыстық Chevron мен Shell компаниялары, сондай-ақ екі қытайлық компания – Sinopec пен CNOOC қатысуға ниет білдірді. Біз тек сейсмика жүргізуді ғана емес, кейіннен іздеу ұңғымаларын бұрғылауды да қарастырып жатырмыз», – деп түсіндірді Құрманғазы Есқазиев.
Халықаралық бірлестік биыл жыл соңына дейін ресми түрде құрылады деп жоспарланып отыр. Қатысушылар тарапынан бастапқы инвестициялардың көлемі шамамен 500 миллион долларға бағаланды.
Рекордтық тереңдікте бұрғылау
Жоба Каспий маңы аймағында Қазақстанда бұған дейін тәжірибе жүзінде игерілмеген тереңдікте көмірсутектерді іздеуге бағытталған.
«Министрліктермен 20 жоба бойынша келіссөз жүріп жатыр, бұлар – жекелеген салымдар. Бүгінгі таңда Қазақстанда Теңіз бен Қашағандағы терең қабаттарды ескергендегі ең үлкен бұрғылау тереңдігі – 5,5 шақырым. Қазір біз қарастырып отырған көрсеткіш – 5,5-тен 10 шақырымға дейін. 60 мың погонный километрде терең сейсмобарлау жүргіземіз», – деп нақтылады ҚМГ басшысының орынбасары.
Қазақстанға жаңа кен орындары не үшін керек?
Терең геологиялық барлау қажеттілігі қолданыстағы активтердің сарқылуына байланысты. «ҚазМұнайГаздың» және тұтастай алғанда ел бойынша негізгі кен орындарының көпшілігі «жетілген» санатына жатады, олардың игерілгені бүгінгі таңда шамамен 70 пайызға жетіп отыр.
Сондай-ақ жаңа геологиялық барлау бастамалары аясында Қазақстанға әлемдік тағы бір алпауыт – британдық British Petroleum (BP) компаниясының оралуды жоспарлап отырғаны белгілі болды.
В Атырау +20