
Кассациялық азаматтық істер жөніндегі сот тауар белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін 39 млн теңге көлемінде материалдық залалды өндіру туралы дауды қарады.
Тиісті тауар белгілерін пайдалануға құқығы бар ЖШС контрафактілік дәнекерлеу электродтарын сатқан азаматқа қатысты талап арызбен сотқа жүгінген.
Тауар белгісін заңсыз пайдалану фактісі бұған дейін қылмыстық іс аясында анықталған. Кейін бұл іс рақымшылыққа байланысты тоқтатылған. Тергеу барысында өнімнің 8,9 мың қаптамасы тәркіленіп, олардың құны маманның қорытындысы негізінде белгіленген.
Алайда бірінші сатыдағы сот талап арызды қанағаттандырудан бас тартты. Апелляциялық сатыдағы сот бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Компания өкілі кассациялық шағымында соттар тергеу органының құқық бұзушылық фактісін, жауапкердің кінәсін және тәркіленген өнімнің құнын анықтаған қаулысын ескермегенін алға тартты.
Кассациялық сот бұл уәждермен келіспеді.
Сот талап арыздың нысанасы тауар белгісіне айрықша құқықты бұзғаны үшін заңда көзделген өтемақыны төлеу емес, дәл материалдық залалды өтеу болғанын атап өтті.
Бұл ретте маманның қорытындысы тәркіленген өнімнің құнын растағанымен, талап қоюшының нақты шеккен залалының немесе алынбай қалған пайдасының мөлшерін дәлелдемейді.
Сонымен қатар компания залалды өтеудің орнына заңда көзделген өтемақыны төлеу туралы жеке талап қойған жоқ.
Қорытындысында кассациялық сот тауар белгісін заңсыз пайдалану фактісінің өзі талап қоюшыны келтірілген залалдың мөлшерін дәлелдеу міндетінен босатпайтынын атап өтіп, шағымды қанағаттандырусыз қалдырды.
В Атырау +15.2