Атырау, 12 қазан 19:01
 дождьВ Атырау +24.8
$ 453.93
€ 508.72
₽ 5.35

Жасанды интеллект, логистика және инвестиция: Тоқаев пен Бельгия Королі бірлескен мәлімдеме жасады

129 рет қаралды
Сурет: Ақорда
Сурет: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Астанаға мемлекеттік сапармен келген Бельгия Королі Филипп екіжақты ынтымақтастықты дамытудың басым бағыттарын айқындайтын Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Тараптар экономикалық байланыстарды кеңейтумен қатар, жасанды интеллект, аса маңызды минералдар және көлік-логистика салаларындағы ықпалдастықты күшейтуге келісті.

Мемлекет басшысы мен Бельгия Монархы өткізген келіссөздер барысында екі ел арасындағы өзара сауда мен инвестиция көлемін ұлғайту үшін зор әлеуеттің бар екені атап өтілді. Әсіресе Азия мен Еуропаны жалғайтын Транскаспий халықаралық көлік бағытының (Орта дәліз) өсіп келе жатқан маңызына ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар тараптар инновациялық секторды дамытуға ниетті. Қазақстан мен Бельгия жасанды интеллект, үлкен деректер (Big Data), суперкомпьютер инфрақұрылымы, бұлтты технологиялар және деректерді өңдеу орталықтарын құру бағытында бірлескен жобаларды іске асырмақ.

Өндіріс пен агросекторда аса маңызды минералдарды өндіру, мұнай-химия, машина жасау және жаңартылатын энергетика салаларындағы әріптестік жанданады. Сондай-ақ агротехнологияларды енгізу мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын ұлғайтуға келісім жасалды.

Ғылым, білім және салалық ынтымақтастық бойынша да бірқатар шешімдер қабылданды:

  • Жоғары білім беру мен ғылыми зерттеулерді қолдау үшін Қазақстан-Бельгия ректорлар форумын тұрақты өткізу құпталды;

  • Алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту және ДДҰ Жаһандық коалициясы аясындағы денсаулық сақтау бастамаларын бірге ілгерілету мақұлданды;

  • Климаттың өзгеруі, су ресурстарының тапшылығы және қоршаған ортаны қорғау мәселелерінде бірлесіп күш жұмылдыру ұсынылды.

Бұдан бөлек, тараптар халықаралық құқық қағидаттары мен БҰҰ-ның жаһандық қауіпсіздіктегі орталық рөлін қолдайтынын білдірді.

Сапар аясында екі ел азаматтары мен дипломаттары үшін де маңызды жаңалықтар бар. Атап айтқанда, Қазақстан мен Бенилюкс елдері арасындағы қызметтік паспорт иелерін визадан босату туралы хаттама күшіне енді. Ал 2027 жылы дипломатиялық қарым-қатынастардың 35 жылдығына орай дипломаттардың отбасы мүшелерінің ақылы еңбек етуіне мүмкіндік беретін екіжақты келісімге қол қою жоспарланған.

Президент Тоқаев пен Король Филипп жүргізілген келіссөздердің қорытындысына көңіл толатынын білдіріп, Бельгия Монархының бұл алғашқы мемлекеттік сапары екіжақты қарым-қатынас тарихындағы жаңа кезеңге жол ашқанын атап өтті.

Бүгін, 18:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.