
Астанадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде Қазақстан ұлттық құрамасын 2026 жылы Жапонияның Айти–Нагоя қалаларында өтетін V Азия Пара ойындарына салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.
Жарыстар 18–24 қазан аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді.
Қазақстан атынан спорттың 12 түрі бойынша 150 спортшы бақ сынайды. Олар: пара жеңіл атлетика, пара дзюдо, пара үстел теннисі, пара садақ ату, пара оқ ату, пара велоспорт, отырып ойнайтын волейбол, пара таеквондо, пара жүзу, пара пауэрлифтинг, бочча және арбадағы теннис.
Қазақстандық спортшылар Азия Пара ойындарына қатысу тарихында алғаш рет арбадағы теннис жарысына қатысады.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың хабарлауынша, 2026 жылы спорттың 12 түрі бойынша спортшылар 23 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 22 халықаралық турнирге қатысқан. Нәтижесінде 63 медаль жеңіп алған.
Ұлттық құрамамен бірге Жапонияға 38 еріп жүруші маман барады. 2025–2027 жылдары I топтағы мүгедектігі бар спортшыларға еріп жүретін адамдарды әлеуметтік қолдауға жалпы 1,5 млрд теңге қарастырылған.
Салтанатты рәсім барысында Қазақстанның мемлекеттік туы команда ту ұстаушыларына табысталды. Ойындардың ашылу салтанатында туды 2024 жылғы Париж Паралимпиадасының қола жүлдегері, пара жеңіл атлетикадан әлем чемпионы Дастан Мұқашбеков және пара дзюдодан әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Аяла Мереке алып шығады.
Сонымен қатар Астанада ұлттық паралимпиадалық құраманың ресми тұмары — Жеңіс таныстырылды. Ол Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген қарақал бейнесінде жасалған. Тұмардың бір аяғында спорттық протез бейнеленген. Бұл табандылық пен рух күшінің символы.
Жеңіс Азия Пара ойындары кезінде Қазақстан құрамасына қолдау көрсетіп, спортшылармен бірге болады.
В Атырау +24.8