
Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 12 қазанда аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп айыпталған тоғыз адамға қатысты айыптау үкімін жариялады.
Сот анықтағандай, 2020 жылдың желтоқсанынан бастап сотталушылардың бірі топтың іс жүзіндегі жетекшісі ретінде әрекет етіп, басқа да айыпталушылармен бірге құрылыс компанияларының атын жамылып, азаматтардан R-Club және R-Club Deluxe тұрғын үй кешендерінен пәтер сатып алу үшін ақша тартқан.
2022 жылғы 23 ақпан мен 2023 жылғы 19 шілде аралығында азаматтармен жалған брондау шарттары жасалған. Соның салдарынан 135 жәбірленушіге жалпы сомасы 5,14 млрд теңге болатын залал келтірілген.
Бұдан бөлек, сот мәліметінше, іске қатысы бар кейбір адамдар Кенесары көшесі, 6/5 мекенжайында салынып жатқан Arai Apartments тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді қайта сатуға қатысқан. Осы эпизод бойынша бес жәбірленуші тағы 228 млн теңгесінен айырылған.
Іс бойынша келтірілген жалпы залал 5,36 млрд теңгеден асты. Соттың мәліметінше, бұл қаражат өтелмеген.
Прокурор барлық айыпталушыны нақты мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал сотталушылар өз кінәларын мойындамады.
Істі қарау қорытындысы бойынша сотталушылардың біріне мүлкін тәркілей отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қалғандары 5 жылдан 8 жыл 6 айға дейінгі мерзімге сотталды. Сотталған әйелдердің біріне 6 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, оны орындау бір жылға кейінге қалдырылды.
Сондай-ақ барлық сотталғанға 10 жыл мерзімге құрылыс салу, азаматтардан ақша тарту және инвестиция жинауға байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Қылмыстық жолмен алынған деп танылған мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары бойынша сот тиісті шешімдер қабылдады.
В Атырау +24.8