
Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайраттың туыстарына тиесілі Дубайдағы бірнеше пәтер «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қорының ақшасына сатып алынбағанын мәлімдеді. Ведомство анонимді Telegram арналарда таралған ақпаратқа қатысты тексеру жүргізіп, бұл болжамның расталмағанын хабарлады.
Тергеу барысында мамандар барлық қаржылық операцияларды талдап, жымқырылған қаражатты заңдастырудың бүкіл тізбегін анықтады. Тексеру нәтижесі көрсеткендей, Перизат Қайрат қайырымдылыққа жиналған ақшаны қымбат автокөліктер мен пәтерлер сатып алуға, оларды жөндеуге, брендтік киім-кешек пен әшекейлерге, сондай-ақ сәнді қонақүйлерде тұру мен мейрамханаларға жұмсаған.
Ал оның туыстарымен (А. отбасы) қандай да бір қаржылық есеп айырысулар жүргізілмегені белгілі болды. Оның үстіне, әлеуметтік желіде сөз болған Дубайдағы жылжымайтын мүліктер 2011–2019 жылдары, яғни қайырымдылық қоры құрылғанға дейін және Перизат Қайрат қылмыстық әрекеттерін бастағанға дейін сатып алынған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, бұл отбасы 20 жылдан астам уақыт бойы жылжымайтын мүлікті сатып алып, қайта сату кәсібімен айналысады. Олар Перизат Қайраттан да, оның анасынан да бөлек тұрып, жеке бизнесін дербес жүргізіп келген.
Ведомство Қылмыстық-процестік кодекстің 161-бабына сәйкес, мүлікті бұғаттау немесе тәркілеу үшін оның қылмыстық жолмен алынғанын растайтын нақты дәлелдер болуы тиіс екенін еске салды. Тек күдіктімен туыстық қатынасының болуы адамды қылмыстық жауапқа тартуға немесе оның мүлкін тәркілеуге заңды негіз бола алмайтынын атап өтті ҚМА қызметкерлері.
В Атырау +25.7