
Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде, Қазақстанға тиесілі аумақта жаңа арал пайда болды. Оны акваторияны әуеден зерттеу кезінде Құлалы аралының маңынан тапты.
Khaleej Times басылымы атап өткендей, ғалымдар жаңа құрлықтың пайда болуын қауіпті сигнал ретінде бағалайды: бұл арал Каспий деңгейінің біртіндеп төмендеуі және теңіз түбінің бөліктерінің ашылып қалуы салдарынан пайда болған.
Зерттеу жұмыстарына қатысқан экологиялық белсенді Данияр Әкімжановтың айтуынша, соңғы төрт-бес жыл ішінде бұл аймақта бірден бірнеше жаңа арал пайда болған. Олардың кейбірінің ұзындығы шамамен бір километрге, ал ені 200–300 метрге жетеді. Кейбір учаскелерге қабан мен қасқыр сияқты жабайы жануарлар өте бастаған.
Өзгерістер әсіресе теңіз салыстырмалы түрде тайыз жатқан солтүстік және солтүстік-шығыс Каспийде өте жылдам жүріп жатыр.
Қазақстан Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтының мәліметінше, 1996 жылдан 2025 жылға дейін қазақстандық сектордағы су деңгейі шамамен 2,45 метрге — минус 26,82-ден минус 29,27 метрге дейін төмендеген. 2026 жылдың шілде айында Құлалы аралы маңындағы станцияда орташа деңгей минус 29,42 метрге жетіп, байқаулар тарихындағы ең төменгі көрсеткішті тіркеді.
Түбінің көлбеу бедеріне байланысты судың тіпті аз ғана вертикальды төмендеуінің өзі жағалау сызығының едәуір кейінірек шегінуне әкеледі. Жерсеріктік деректер бойынша, солтүстік-шығыс Каспийдің кейбір аудандарында жағалау соңғы жылдары 20 километрден астам қашықтыққа шегінген.
Солтүстік-шығыс Каспийдің зерттелген бөлігінде су бетінің аумағы 2000 бен 2025 жылдар аралығында шамамен 16,4 мың шаршы километрге азайған.
Ғалымдар тартылудың бірнеше себебін атап отыр. Каспий — тұйық су қоймасы және өз суының негізгі бөлігін Еділ өзенінен алады. Бұл ретте судың келуі азайып, температураның көтерілуі булануды күшейтуде. Бөгеттер, су қоймалары, суармалау және суды пайдаланудың басқа да түрлері қосымша әсер етуде.
Зерттеушілер Каспий Арал теңізі сияқты толығымен жойылып кетеді деп күтпейді: орталық және оңтүстік бөліктері әлдеқайда тереңірек. Алайда, тайыз солтүстік Каспийдегі жағдай үлкен алаңдаушылық тудырады. Су деңгейі одан әрі төмендейтін болса, орасан зор аумақтар құрлыққа айналып, су экожүйелерінің жойылуына әкеп соғуы мүмкін.
Тартылу каспий итбалығына да қауіп төндіруде. Судың шегінуіне байланысты жануарлар оқшауланған демалатын жер ретінде пайдаланған жекелеген аралдар материкпен қосылып, итбалықтарды адамдар мен құрлықтағы жыртқыштар үшін осал ете түседі.
Сонымен қатар Қазақстанның және басқа да Каспий маңы елдерінің порттары, балық шаруашылығы мен жағалау инфрақұрылымы қауіп астында қалып отыр.
Осылайша, Құлалы маңындағы жаңа арал — географиялық жаңалық қана емес, бұл Каспий теңізінің қаншалықты жылдам өзгеріп жатқанын көрсететін тағы бір айқын көрсеткіш.
В Атырау +25.7