
Құжатта заңмен қорғалатын құпияның бар-жоғын және оны іске тіркеу үшін тергеу судьясының санкциясы қажет пе, жоқ па деген мәселені әрбір нақты қылмыстық істі қарау кезінде соттың өзі шешеді. Конституциялық сот Қылмыстық-процестік кодекстің 254-бабының 1-бөлігіне қатысты шағымды қарап, осындай түйін жасады.
Бұл істің қозғалуына азаматтың жалған құжат пайдаланғаны үшін айыпты деп танылуы себеп болған. Сот үкімімен келіспеген арызданушы өзі тапсырған еңбекке уақытша жарамсыздық парағында (больничный) «заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтер жоқ» деген сот тұжырымына наразылық білдірген.
Арызданушының пікірінше, заңдағы «заңмен қорғалатын өзге де құпия» ұғымының айқын болмауы тергеу органдарының құжатты алу кезінде санкция алуы міндетті ме, жоқ па деген сұраққа нақты жауап бермейді.
Осыған байланысты өтінішті қараған Конституциялық сот ел Конституциясы жеке өмірге қол сұғылмауға, жеке және отбасылық құпияның сақталуына, сондай-ақ дербес деректерді қорғауға кепілдік беретінін еске салды. Әрі қолданыстағы заңнамада құпияның бірнеше түрі, соның ішінде медицина қызметкерінің құпиясы нақты қарастырылған.
Заң талабы бойынша, мемлекеттік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпиясы бар құжаттарды тәркілеу немесе алу тек тергеу судьясының санкциясымен жүзеге асырылады. Егер бұл тәртіп бұзылса, алынған мәліметтер сотта дәлелдеме ретінде жарамсыз болып табылады.
Дегенмен, Конституциялық сот нақты құжатта құпия ақпараттың бар-жоғын және оған санкция қажеттігін анықтау тікелей істі қарайтын соттың құзыретіне жататынын атап өтті. Судьялар істің барлық мән-жайын саралай келе, құжаттың заңдылығына баға береді.
Осыған байланысты Конституциялық сот дауланған заң нормасынан азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзатын белгілерді анықтаған жоқ.
В Атырау +25.7