Атырау, 8 қазан 17:11
 дождьВ Атырау +23.2
$ 447.14
€ 500.35
₽ 5.24

​Каспий тасымалын 4 есе көбейту және БҰҰ аясында Су ұйымын құру: Тоқаев жаңа бастамаларды жариялады

66 рет қаралды
Сурет: Ақорда
Сурет: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий арқылы жүк тасымалын 2040 жылға қарай төрт есе ұлғайтуға болатынын мәлімдеп, Орталық Азияның су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды.

Мемлекет басшысы Дүниежүзілік банктің сараптамасына сүйене отырып, жоспарланған инфрақұрылымдық міндеттер толық орындалса, Каспий арқылы транзит көлемі еселеп өсетінін атап өтті. Бұл ретте Президент Орта дәлізді TRIPP халықаралық көлік бастамасымен ұштастыруды сарапшылар деңгейінде талқылауды ұсынды.

«Бұл жоба әлеуетімізді арттырады әрі барлық мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесіне сай келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен бірге Президент су ресурстарының тапшылығын Орталық Азияның тұрақтылығына қатер төндіретін басты сынақтардың бірі ретінде атады. Оның айтуынша, өңір елдері трансшекаралық суды өзара құрмет пен теңқұқылық қағидаттары негізінде бірлесе басқарудың жаңа тәсілдерін әзірлеуі қажет.

Осы орайда Қазақстан Орталық Азияның су пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенциясының жобасын дайындап, көршілес мемлекеттердің қарауына ұсынды. Мемлекет басшысы бұл құжатты қабылдау аймақтағы ынтымақтастықтың жаңа құрылымын қалыптастыратын алғашқы қадам болатынын жеткізді.

Бұдан бөлек, Президент жаһандық деңгейде БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын бірігіп ілгерілетуге шақырды. Бұл қадам Орталық Азияның ортақ ұстанымын білдіріп, су ресурстарын басқарудың әлемдік жүйесін дамытуға елеулі үлес қосады.

Бүгін, 15:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.