
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы теміржол аумағында малды қараусыз қалдырған тұрғындарға салынатын айыппұл көлемін екі есеге арттыруды ұсынып отыр.
Қазіргі қолданыстағы заңнама бойынша бұл құқық бұзушылық үшін ескерту жасалмайды. Тәртіп бұзғандар бірден 5 АЕК, ал екінші рет кайталанса 10 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Алайда ҚТЖ өкілдері бұл шараның жеткіліксіз екенін және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жауапкершілікті одан әрі қатаңдату қажет екенін айтады.
Енді ҚТЖ ережені бірінші рет бұзған мал иелеріне 10 АЕК, ал бір жыл ішінде қайталағандарға 20 АЕК айыппұл салуды ұсынып отыр.
Компания таратқан мәліметке сүйенсек, қабылданған алдын алу шаралары оң нәтиже беріп келеді. Мал басу оқиғалары бұрынғымен салыстырғанда бәсеңдеген: 2026 жылдың тоғыз айында пойыздардың малмен соқтығысуы бойынша 584 жағдай тіркелді (2025 жылдың ұқсас кезеңінде – 648 оқиға). Соған қарамастан, теміржол табанының жанында төрт түліктің қараусыз жүруі әлі де өзекті мәселе болып отыр.
Осыған байланысты ҚТЖ жергілікті әкімдіктермен және көлік полициясымен бірлесіп, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жыл басынан бері 34 мыңға жуық тұрғынның қатысуымен 1,3 мыңдай кездесу өтті. Шаралар барысында 52 мыңнан астам мал иесіне жайылым және малды теміржол арқылы айдап өту ережелері түсіндірілді. Ал ереже талаптарын елемеген 378 мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» тұрғындардан мал жаю ережелерін қатаң сақтауды және төрт түлікті теміржол аумағында қараусыз қалдырмауды сұрайды.
В Атырау +23.2