Атырау, 8 қазан 16:15
 дождьВ Атырау +23.2
$ 447.14
€ 500.35
₽ 5.24

Сот БАҚ-қа қойылатын талаптардың не себептен бір жылмен шектелетінін түсіндірді

48 рет қаралды

Конституциялық сот «Масс-медиа туралы» Заңның БАҚ-қа талап қоюдың 1 жылдық мерзімін белгілейтін 38-бабы 1-тармағын Конституцияға толық сәйкес деп тапты. Сот бұл норма азаматтардың сот арқылы қорғалу құқығын шектемейді деген шешімге келді.

Конституциялық сотқа бұл өтініш ар-намысы, қадір-қасиеті мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жарияланым бойынша сотта жеңілген азаматтан түсті. Жергілікті соттар даулы мақаланың «Масс-медиа туралы» Заң күшіне енгенге дейін жарияланғанын негізге алып, шағымды қанағаттандырудан бас тартқан. Ал арызданушы өзінің бұрын бас бостандығынан айыру орындарында болғанын, интернетке қол жеткізе алмағанын және жарияланым туралы кейін білгенін айтып, 1 жылдық шектеу сот арқылы қорғалу құқығын бұзады деп санайды.

Істі қараған Конституциялық сот заңда белгіленген бір жылдық мерзім азаматтардың ар-намысы мен іскерлік беделін сотта қорғау мүмкіндігін жоққа шығармайтынын түсіндірді. Заң шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді теріске шығаруды, оларға жауап жариялауды және келтірілген зиянды өтеуді талап етуге толық жағдай жасайды.

Соттың пайымдауынша, мерзімді жарияланым таратылған күннен бастап есептеу тұлға мен БАҚ арасындағы құқықтық айқындықты қамтамасыз етеді. Егер бұл уақыт азаматтың ақпаратты «қашан білген күнінен» басталса, БАҚ-қа талап қою кезеңі созылып, құқықтық белгісіздік туындайды.

Сонымен бірге, азаматтың бұл ақпаратты қашан білгенін, оны алуға нақты мүмкіндігінің болған-болмағанын анықтау және тиісті дәлелдерді бағалау әрбір нақты істі қарау кезінде жалпы соттардың құзыретіне жатады.

Осы мән-жайларды ескере отырып, Конституциялық сот дауланып отырған заң нормасынан сот арқылы қорғалудың конституциялық құқығын бұзу белгілерін таппады.

Бүгін, 15:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.