
Үкімет Ақтөбе қаласында жылына 256 миллион дана шыны ыдыс шығаратын зауыт құрылысын мақұлдады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Aktobe Steklo» ЖШС арасындағы инвестициялық келісімге қол қою туралы қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 60 миллиард теңгені құрайды. Кәсіпорын құрылысы 2026 жылдың төртінші тоқсанында басталып, 2029 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Зауыт іске қосылғанда 300-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында шыны өнімдерін шығаратын жеке өндіріс жоқ. Жаңа зауыт ішкі нарықтағы отандық шыны ыдыстың үлесін арттырып, жеткізу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Өнімнің 80 пайызы Қазақстанның ішкі нарығында сатылса, қалған бөлігі Орталық Азия елдеріне экспортталады. Бұл тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібін тұрақты шикізатпен қамтамасыз етеді.
Өндіріс үдерісі толықтай автоматтандырылып, сапаны бақылаудың заманауи жүйелерімен жабдықталады. Зауытта негізінен отандық табиғи минералды шикізат, сондай-ақ қазақстандық өндірушілердің тауарлары мен қызметтері пайдаланылмақ. Сондай-ақ отандық мамандар үшін үздіксіз оқыту және біліктілікті арттыру бағдарламалары ұйымдастырылады.

Жобаның тағы бір маңызды бағыты – экологиялық қайта өңдеу. Зауыт жұмысы аясында 245 мың тоннадан астам шыны қалдығы қайта өңделіп, өндірісте қайта пайдаланылады. Бұл өңірде шыны сынықтарын жинау, сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытуға серпін береді.
В Атырау +16.4