Атырау, 7 қазан 17:16
 дождьВ Атырау +20.1
$ 453.65
€ 509.99
₽ 5.31

Қазақстанда шоты бұғатталған азаматтарға өмір сүруге қажетті қаражат кепілдігін беру ұсынылды

Бейнежазба
53 рет қаралды

Қазақстанда қарызы үшін банк шоттары бұғатталған 1,5 миллионнан астам азаматтың ең төменгі күнкөріс қаражатын қорғайтын механизм енгізілуі мүмкін. «Ауыл» фракциясының депутаттары бұл мәселені шешу үшін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовке сауал жолдап, кепілдендірілген төлем минимумын бекітуді ұсынды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, елде 90 күннен астам төленбеген проблемалық несие көлемі 1,8 триллион теңгеге жеткен. Ал Әділет министрлігінің деректері атқарушылық іс жүргізу аясында 1,5 миллионнан астам азаматтың банк шоттарына тыйым салынғанын көрсетеді.

Депутаттардың айтуынша, қолданыстағы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңда борышкердің шотында кірістің кемінде 50 пайызы және өмір сүруге қажетті ең аз қаражат сақталуы тиіс деп белгіленген. Алайда бұл норма іс жүзінде орындалмай отыр. Банк шоты толық бұғатталған кезде азаматтар азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алу, жолақы мен коммуналдық қызметтерді төлеу мүмкіндігінен толық айырылады.

Осыған байланысты «Ауыл» фракциясының депутаттары Ұлттық банкке мынадай нақты шараларды жүзеге асыруды ұсынды:

  • Несие шартын жасасу кезінде борышкердің өмір сүруіне қажетті ең аз қаражат көлемін тиіспеушілік ретінде міндетті түрде көрсету;

  • Бұл тәртіпті екінші деңгейлі банктердің ақпараттық жүйелері арқылы автоматты түрде іске асыруды қамтамасыз ету;

  • Банк шотына шектеу қойылған жағдайда азаматтың бірінші кезекті қажеттіліктерге жұмсайтын ақшасын пайдалану ережесін нақты белгілеу.

Депутаттар бұл бастама азаматтарды қарыздан босатуды көздемейтінін, тек қарыз өндіру кезінде адамдардың базалық өмір сүру жағдайын сақтауға бағытталғанын атап өтті. 

Сауал авторлары Ұлттық банктен бұл ұсыныстар бойынша ресми жазбаша позициясын білдіруді талап етті.


Бүгін, 16:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.