
Қостанайда құжатсыз ғимараттар салынып, өз бетінше иемденілген 174 жер учаскесі анықталды. Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексерістен кейін қала әкімдігі бұзушылықтарды жою және жер иелерін заң шеңберіне қайтару жұмыстарын бастады.
Аудиторлардың мәліметінше, бұл объектілер салық және жер есебіне алынбаған. Соның салдарынан жергілікті бюджетке қаржы түспей, қалада құқықтық белгісіздік туындаған.
Осыған байланысты шаһар билігі арнайы іс-шаралар жоспарын бекітіп, оны жүзеге асыруға кірісті. Жоспар әрбір учаскені жеке тексеруді, құжаттарды ресімдеуді, әкімшілік жауапкершілікке тартуды және сотқа дейінгі шағымдануды көздейді.
Заңбұзушылықтар бойынша мынадай шаралар қабылданды:
143 дерек бойынша жерді заңсыз иеленген тұлғаларды анықтау үшін мәліметтер Полиция департаментіне жолданды.
31 дерек бойынша материалдар Жер ресурстарын басқару департаментіне берілді. Расталған деректер бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, кемшіліктерді жою туралы нұсқама берілді.
Нысан иелерінің құқығын белгілейтін құжаттары бар болса, олар жер пайдалану құқығын ресімдеп, бюджетке жалдау ақысын немесе жерді сатып алу құнын төлей алады. Ал тиісті құжаттары жоқ тұлғаларға айыппұл салынып, заңсыз тұрғызылған объектілерді бұзу міндеттеледі.
Бұл бағыттағы жұмыстар толық орындалғанға дейін Жоғары аудиторлық палатаның тікелей бақылауында болады.
В Атырау +20.1