
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті Тимур Турловты қабылдады.
Мемлекет басшысы Тимур Турловты Халықаралық шахмат федерациясының президенті болып сайлануымен құттықтады. Президенттің айтуынша, бұл Қазақстан мен отандық шахмат мектебінің әлемдік аренадағы абыройы артып келе жатқанын көрсетеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз үшін шахматтың орны ерекше. Шахмат спорттың бір түрі болуымен қатар өскелең ұрпақтың зияткерлік әлеуетін дамытудың маңызды тетігі саналады.
Бүгінде Қазақстанда спорттың осы түрімен 278 мыңнан астам адам жүйелі түрде айналысады. Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында күміс медаль иеленген әйелдер құрамасының жарқын жетістігін айрықша атап өтті.
Негізгі міндеттер мен халықаралық ынтымақтастық
Президент Қазақстан шахмат федерациясының алдында тұрған негізгі міндеттерді атады. Олар:
- құрама команданың әзірлігін күшейту,
- жас таланттарды анықтау мен даярлаудың тиімді жүйесін құру,
- білім беру саласында шахматты ілгерілету
- өңірлерде шахмат инфрақұрылымын дамыту қажеттігі.
Президент сонымен қатар отандық бапкерлер мен төрешілердің біліктілігін арттыру, бірлескен білім беру жобаларын іске асыру, сондай-ақ Қазақстанда шахматтан ірі халықаралық жарыстар өткізу үшін ұлттық федерация мен FIDE арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызына баса мән берді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Тимур Турловтың жауапты қызметіне табыс тіледі.
FIDE басшысы өз кезегінде шахматты дамытуға ден қойып, оған қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне ризашылығын білдірді. Сонымен қатар шахматты әлемде кеңінен насихаттау, халықаралық ынтымақтастықты нығайту және ұлттық шахмат федерацияларының қатысуымен жаңа жобаларды іске асыру жөнінде мәлімет берді.
В Атырау +20.1