Атырау, 7 қазан 09:59
 дождьВ Атырау +11
$ 453.65
€ 509.99
₽ 5.31

Каспий теңізінің тайыздануы және Арал экожүйесі: негізгі көрсеткіштер мен ҚР Үкіметінің жоспарлары

52 рет қаралды
primeminister.kz
primeminister.kz

Қазақстанда Солтүстік Арал экожүйесін қалпына келтіру және Каспий теңізін сақтау бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда. Үкімет Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық трансформация және экологиялық қауіпсіздік жөніндегі тапсырмалары аясында кешенді шараларды жүзеге асыруда.

Солтүстік Арал: су көлемі 23,4 млрд текше метрге дейін өсті

Соңғы 20 жылдағы жүйелі жұмыстың арқасында Солтүстік Аралдың аумағы 36%-ға ұлғайып, судың минералдану деңгейі екі есе төмендеді. Бұл жергілікті экожүйені қалпына келтіруге мүмкіндік берді.

Толу динамикасы: 2022 жылы су көлемі 18,9 млрд м³, 2023 жылы — 21 млрд м³ болса, 2026 жылға қарай бұл көрсеткіш 23,4 млрд м³-ге жетті. Тек биылғы жылдың басынан бері теңізге шамамен 1,5 млрд м³ су жіберілді.

Кепілді су өткізу: Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі жыл сайын Сырдария өзені арқылы кемінде 2 млрд м³ су өткізілуін қамтамасыз етеді.

Алдағы жоспарлар қандай? Дүниежүзілік банкпен бірлесіп су айдынын қалпына келтірудің келесі кезеңі әзірленді. Ол Көкарал бөгетін реконструкциялауды және су деңгейін 44 метрге дейін (Балтық жүйесі бойынша) көтеруді көздейді. Алдағы 5–6 жыл ішінде Солтүстік Аралдағы су көлемін 34 млрд м³-ге, ал аумағын 3,9 мың км²-ге дейін жеткізу жоспарлануда.

Сонымен қатар, Түркістан және Қызылорда облыстарында суару жүйелерін автоматтандыру бойынша 160-тан астам жоба іске асырылуда. Бұл суды үнемдеуге және оны Аралға бағыттауға мүмкіндік береді.

Теңіз табанындағы орман: 56 млн сексеуіл көшеті отырғызылды

Шаңды дауылдар мен шөлейттенуге қарсы күресу мақсатында Арал теңізінің құрғаған табанында қорғаныш орман белдеуі құрылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, орман алқабының аумағы 1–1,5 млн гектарға жетуі тиіс.

Бүгінде орман-мелиорациялық жұмыстар 1,1 млн гектар аумақты қамтыды.

3,4 мың тонна тұқым себіліп, 56,2 млн сексеуіл және галофит көшеті отырғызылды.

Өңірде Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының филиалы ашылып, аумағы 33 гектар болатын тәлімбақ салынды. Оның қуаты — жылына 3 млн көшет.

Екінші орман тәлімбағы тікелей құрғаған теңіз табанында құрылуда. Бұл өсімдіктердің бастапқы кезеңнен-ақ қатаң аридті жағдайларға бейімделуіне мүмкіндік береді.

Каспий теңізі: ғылым, халықаралық диалог және трансшекаралық өзендер

Каспийді сақтау барлық жағалаудағы мемлекеттердің күш-жігерін біріктіруді талап етеді. Қазақстан халықаралық экологиялық бастамаларды белсенді түрде ілгерілетуде. Атап айтқанда, Президент Тоқаев ШЫҰ-ның су мәселелерін зерттеу орталығын құруды ұсынды.

Су ағыны және трансшекаралық ынтымақтастық:

Каспийге түсетін негізгі су ағынын Еділ (шамамен 80%) және Жайық (3,5%) өзендері қамтамасыз етеді.

2026 жылы Жайық және Қиғаш өзендерінен теңізге шамамен 7,3 млрд м³ су келді (2025 жылы жиынтық көлем 10,9 млрд м³ болған).

Қазақстан көршілес мемлекеттердің барлығымен трансшекаралық су мәселелері бойынша құқықтық базаны қалыптастыруды аяқтады. Атап айтқанда, Өзбекстанмен 10 жылға созылған келіссөздерден кейін су нысандарын бірлесіп басқару туралы тарихи келісімге қол қойылды.

Халықаралық жобалар: Ақтауда БҰҰ өкілдерінің, сарапшылар мен дипломаттардың қатысуымен өткен Жоғары деңгейдегі диалог аясында Жапония Үкіметі қолдайтын «Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі жағдайында тұрақтылықты арттыру» жобасы іске қосылды. Ол теңіздің тайыздану деңгейін бағалау үшін цифрлық құралдарды пайдалануды көздейді.

Қазақстан БҰҰ Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) бірлесіп биоалуантүрлілікті қорғау, оның ішінде Каспий итбалығының популяциясын сақтау, пластикалық ластануды азайту және айналым экономикасын дамыту бойынша бағдарламаларды да қалыптастыруда.

Бүгін, 09:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.