
Қазақстан 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауаның ластануы жөніндегі жаһандық рейтингте 143 елдің ішінде 29-орынға жайғасты. Бұл туралы халықаралық IQAir платформасының деректері көрсетеді.
Қазақстандағы ауа құрамындағы ұсақ бөлшектердің PM2.5 орташа жылдық концентрациясы бір текше метрге 23,4 микрограммды құрады. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының орташа жылдық көрсеткішінен шамамен 4,7 есе жоғары.
Рейтингте Қазақстан Нигерия мен Лаостың арасында орналасқан. Қазақстаннан жоғары тұрған елдердің қатарында Босния және Герцеговина, Мьянма және Ливия бар.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ауасы ең ластанған елдердің көшін Пәкістан, Бангладеш және Тәжікстан бастады. Алғашқы ондыққа сондай-ақ Чад, Конго Демократиялық Республикасы, Үндістан, Кувейт, Уганда, Мысыр және Өзбекстан кірді.
PM2.5 — диаметрі 2,5 микрометрге дейінгі ұсақ қатты бөлшектер. IQAir елдер арасындағы ауа сапасын салыстыру кезінде олардың концентрациясын негізгі көрсеткіштердің бірі ретінде пайдаланады.
Осылайша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан PM2.5 деңгейі ең жоғары әлемдегі 30 елдің қатарына енді.
В Атырау +14.7