Атырау, 2 қазан 12:16
 дождьВ Атырау +11.3
$ 441.91
€ 499.05
₽ 5.30

Әкесінің қабіріне барып, қаза тапты: Алматы облысында сот басталды

73 рет қаралды
видеодан скриншот
видеодан скриншот

Алматы облысының Талғар ауданында 2026 жылғы мамырда 24 жастағы Жанасыл Сәрсенбайдың қаза болуына қатысты қылмыстық іс бойынша Қаскелеңде сот процесі басталды.

Сот процесі ашық режимде өтіп жатыр, деп хабарлайды КТК.

Сотталушылар қатарында 19 және 20 жастағы үш жас жігіт бар. КТК мәліметінше, олардың біріне тікелей адам өлтірді деген айып тағылса, қалған екеуі қылмысты жасырып қалды деп айыпталуда.

Қайғылы оқиға Жанасылдың інісімен бірге түнде зиратқа барғанынан кейін болған. Бұған дейін хабарланғандай, ағайындылар шамамен он жыл бұрын қайтыс болған әкесінің қабіріне барып, Құран бағыштаған. Үйлеріне қайтып келе жатқан жолда олардың алдынан үш жас жігіт отырған көлік шыққан. Екі тарап арасында жанжал туындаған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, алғашқы сөз таласынан кейін жас жігіттер ағайындылардың соңынан еріп, олардың үйіне дейін барған. Сол жерде жанжал жалғасқан. Айыптау нұсқасы бойынша, күдіктілердің бірі Жанасылға пышақ жарақатын салған. Жас жігіт ауруханаға жеткізіліп, сол жерде қайтыс болған.

Марқұмның інісі сотта шабуылдың кенеттен болғанын айтты. Оның сөзінше, сотталушылардың бірі Жанасылға пышақпен екі рет соққы жасаған.

Кісі өлтіру оқиғасынан кейін полиция марқұмның ауылдасы болған үш жігітті ізін суытпай ұстаған. Бастапқыда қылмыстық іс адам өлтіру және бұзақылық баптары бойынша тергелген.

Басталған сот процесінде Жанасылдың анасы айыпталушыларды кешірмейтінін айтып, оларды заңға сәйкес жазалауды талап етті. Жәбірленуші тарап сондай-ақ 100 млн теңге көлемінде өтемақы төлеуді талап етті.

Сот процесі жалғасып жатыр. Сотталушылардың кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен анықталуға тиіс.


Бүгін, 10:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.