Атырау, 2 қазан 10:35
 дождьВ Атырау +9.9
$ 441.91
€ 499.05
₽ 5.30

Сот «лауазымды тұлғаларға» берілген 27 млн теңге қатысты іс бойынша шешімді өзгертті

52 рет қаралды

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны және пара беруге айдап салғаны үшін сотталған әйелге қатысты сот актілерін өзгертті.

Сот анықтағандай, сотталған П. заң қызметтерін көрсету кезінде екі азаматтан 7 млн және 20 млн теңге алған. Айыптау нұсқасына сәйкес, ақша олардың мәселелерін оң шешіп беру үшін лауазымды тұлғаларға берілуге тиіс болған.

Алайда әйел ақшаны ешкімге беруді жоспарламаған және оны алдау және сенімге қиянат жасау арқылы иемденген.

Бірінші сатыдағы сот оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, екі азаматқа келтірілген материалдық залалды өндіріп алуды қаулы етті. Апелляциялық саты үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Кассациялық сот төменгі сатыдағы соттардың сотталған әйелдің кінәлілігі, оның әрекеттерінің саралануы және тағайындалған жаза туралы тұжырымдарымен келісті. Алайда 27 млн теңгенің тағдырына қатысты мәселені қайта қарады.

Сот екі азаматтың да ақшаны өз еркімен бергенін және оның кейін пара ретінде берілетінін түсінгенін анықтады. Осыған байланысты кассациялық саты олардың іс бойынша жәбірленушілер және азаматтық талапкерлер ретіндегі қатысуын тоқтатып, сондай-ақ олардың пайдасына ақша өндіріп алу туралы шешімнің күшін жойды.

Сот 27 млн теңге параның заты болған деген қорытындыға келді. Ақшаның өзі табылмағандықтан, заңсыз алынған мүлік ретінде оның құны мемлекет кірісіне өндіріп алынуға тиіс.

Нәтижесінде сотталған әйелден мемлекет пайдасына 27 млн теңге өндірілді.

Қылмысты саралау және жеті жыл бас бостандығынан айыру жазасы бөлігіндегі үкім өзгеріссіз қалдырылды.

Бүгін, 09:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.