
Қыркүйекте шекараны бұзған 4 мыңнан астам адам ұсталды: 2,5 млрд теңгенің контрабандасы тоқтатылды
2026 жылдың қыркүйек айында Қазақстанның шекарашылары мемлекеттік шекараны бұзған 4 138 адамды ұстап, жалпы құны 2,5 миллиард теңгеден асатын заңсыз жүк пен тауардың өтуіне жол бермеді.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің мәліметінше, шекара кеңістігінде ұсталған заңбұзушылардың басым бөлігі — 3 502 адам шетел азаматтары.
Бір ай ішінде шекара арқылы заңсыз тауар мен контрабанда тасымалдаудың 1 598 фактісі әшкереленді. Тәркіленген тауарлардың ішінде:
Валюта: 1,2 миллиард теңгеден астам заңсыз декларацияланбаған қаражат (134 факті);
Халық тұтынатын тауарлар: 1,3 миллиард теңгеден астам мүлік (549 факті);
Жанар-жағармай: Жалпы құны 24,1 миллион теңге болатын 80 тоннадан астам ЖЖМ (816 факті);
Қару мен оқ-дәрі: 2 травматикалық, 2 газ тапаншасы және 77 дана оқ-дәрі (62 факті);
Есірткі: 37 заңсыз тасымалдау әрекеті.
Сонымен қатар Каспий теңізінің акваториясында браконьерлікпен күрес аясында 48 заңбұзушылық тоқтатылды. Шекарашылар теңізден 41,7 шақырым болатын браконьерлік ау мен құралдарды шығарып, 840 келі (145 дана) бекіре тұқымдас балықты тәркіледі. Осылайша мемлекетке келтірілетін 350 миллион теңгеден астам шығынның алды алынды.
Заңбұзушылықтар бойынша 66 қылмыстық іс қозғалып, 3 607 әкімшілік өндіріс қозғалды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 34 миллион теңгеден асты. Қалған материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сот және құқық қорғау органдарына жолданды.
В Атырау +17.8