Атырау, 1 қазан 12:25
 дождьВ Атырау +17.8
$ 440.86
€ 500.77
₽ 5.27

​Қарағанды облысында құны 40 миллиард теңгеге бағаланған ірі есірткі зертханасы жойылды

70 рет қаралды
Сурет: Polisia.kz
Сурет: Polisia.kz

Қарағанды облысында полиция, ҰҚК мен прокуратура өкілдері бірлесіп, қара нарықтағы құны 40 миллиард теңгеге жететін мефедрон өндірген ірі есірткі зертханасының жолын кесті. Операция барысында трансұлттық қылмыстық топтың екі мүшесі ұсталды.

Арнайы операция кезінде құқық қорғау құрылымдары зертхана аумағынан сыйымдылығы 50 тонналық өнеркәсіптік цистерна тапты. Оның ішінде 16 тоннадай пайдаланылған химиялық өнім мен сұйықтық болған. Одан бөлек, әрқайсысы бір тонналық екі ыдыс, канистрлер мен химиялық ұнтақ қалдықтары салынған қаптар тәркіленді.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагуловтың айтуынша, цистернадан алынған 10 литрлік сынаманы сараптау барысында 1 келі 723 грамм таза мефедрон анықталды.

Мамандардың алдын ала есебі бойынша, бұл зертханада 2 тоннаға жуық дайын мефедрон өндіруге мүмкіндік болған. Бұл – шамамен 2 миллион бір реттік доза. Аса ірі көлемдегі есірткі партиясы заңсыз айналымға түскенде, миллиондаған адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін еді.

Жедел-іздестіру шаралары кезінде 48 және 28 жастағы екі күдікті қолға түсті. Тергеу нұсқасына сәйкес, 48 жастағы күдікті қылмыстық топтың ұйымдастыру жұмыстарына, жаңа адамдарды тартуға және олардың әрекетін үйлестіруге жауап берген. Ал 28 жастағы екінші азамат зертхана жұмысын тікелей басқарып, психотроптық заттарды әзірлеу тәсілдерін үйреткен.

Қазір екі күдікті де сот санкциясымен қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары химиялық шикізаттың жеткізілу арналарын, күдіктілердің байланыстарын және трансұлттық қылмыстық топтың өзге де қатысушыларын анықтауда.

Бүгін, 11:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.