Атырау, 1 қазан 11:18
 дождьВ Атырау +8.4
$ 440.86
€ 500.77
₽ 5.27

Қазақстан Ауғанстанға 21 миллион доллардың бидайы мен күнбағыс майын жеткізеді

52 рет қаралды
Сурет: ҚР Сауда және интеграция министрлігі
Сурет: ҚР Сауда және интеграция министрлігі

Қазақстандық компаниялар Ауғанстанға жалпы құны 21 миллион доллар болатын бидай мен күнбағыс майын экспорттау бойынша ірі келісімшарттарға қол қойды. Бұл уағдаластықтарға Герат қаласында өткен екі ел кәсіпкерлерінің B2B бизнес-форумы барысында қол жеткізілді.

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, қазақстандық «WAYSTAR» және «Kim Rail International» компаниялары ауғандық «OSMAN KHALID» фирмасымен бидай жеткізуге 11 миллион доллардың екі келісімін жасасқан. Сонымен бірге Қазақстанның Майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығының қатысуымен 10 миллион долларға жуық сомаға күнбағыс майын сату туралы келісімшарт бекітілді.

Бұл келісімдер екі ел арасындағы рекордтық сауда көрсеткіштері аясында орын алып отыр. 2026 жылдың алғашқы жеті айында (қаңтар–шілде) Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 581,1 миллион долларға жетті. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың бүкіл қорытындысынан (541,6 млн доллар) асып түсті. Отандық экспорттың негізін ұн, бидай, күнбағыс майы, металл өнімдері мен минералды тыңайтқыштар құрайды.

Қазақстандық бизнес-делегацияны Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов бастап барды. Форумға Ауғанстан нарығына шығуға мүдделі 12 отандық компания қатысты. Сапар аясында қазақстандық «Integra Construction KZ» ЖШС қатысуымен салынған «Хаф–Герат» теміржолының үшінші учаскесі де ресми түрде пайдалануға берілді.

Сонымен қатар отандық кәсіпкерлер Герат провинциясындағы индустриялық аймақты аралап, мәрмәр өңдеу, металл прокаты, фармацевтика және сусын өндірісі зауыттарының жұмысымен танысты. Қазіргі уақытта Кабул мен Герат қалаларында жұмыс істейтін Қазақстанның Сауда үйлері отандық өнімдерді жергілікті нарықта ілгерілетуге ықпал етіп келеді.

Гератта қол жеткізілген келісімдер Қазақстанның оңтүстік бағыттағы экспорттық әлеуетін арттырып, екі ел арасындағы тікелей іскерлік байланыстарды одан әрі нығайта түспек.

Бүгін, 10:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.